Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қос азаматтығы бар Түркия тұрғынына 600 мың теңге айыппұл салынды

5 May 2021 10:59

НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Қазақстанның көлік полицейлері қос азаматтығы бар Түркия азаматына 600 мың теңгеге жуық айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алматы қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзған Түркия азаматшасын анықтап, ұстады.

Тексеру барысында көлік полицейлері «Стамбул-Алматы» бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген Қазақстан мен Түркияның азаматтығы бар 32 жастағы әйелді әкімшілік жауапқа тартты.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының 2-бөлігімен, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Түркия азаматына 200 АЕК мөлшерінде (583 400 теңге) айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды»,-делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың басынан бері Көліктегі Полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған 124 азамат әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде 6 азамат қос азаматтығы бар тұлғалар (Ресей-3, Түркия-2, АҚШ-1).

Сондай-ақ, сот қаулыларымен 26 шетелдік азамат елден тысқары шығарылып, олардың барлығына 5 жылға дейін елге кіруге тыйым салынды.


Keywords: Қоғам, Заң,
Up