Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстанның туризм қауымдастығы: Туризм барлық  шектеулердің салдарынан қатты зардап шекті

25 January 2022 16:57

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан туристік қауымдастығының (ҚТҚ) директоры Рашида Шайкенова коронавирус инфекциясына қарсы күрес аясында туризмнің даму барысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның туристік нарығының тиімді және толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін шектеулер туралы ойланған жөн.

«Біз міне, үшінші жыл болды әртүрлі шектеулер режимінде өмір сүріп келеміз. Ол бізге не берді?! Адамдар ауырды, әлі де ауырып келеді. Біз шекараны қалай жапсақ та, елге кіру мен шығуды қалай шектесек те штамдар тарала береді. Егер «омикрон» Еуропаға жақында ғана кірсе, оның Қазақстанға келгеніне бір апта да өткен жоқ», - деді ол.

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының комитеті бүкіл әлем бойынша адамдардың қозғалысына шектеуді тоқтату қажет екенін мәлімдеді.

«Үкімет деңгейінде, дүниежүзілік туристік ұйым деңгейінде туризмнің барлық шектеулердің салдарынан өте ауыр зардап шеккен экономика саласы екені белгілі. Сондықтан, әрине, Қазақстанның туристік нарығы бұл шектеулердің бірте-бірте алынып тасталуына қарсы емес. Бұл әрине адамдардың шектеусіз және кедергілерсіз саяхаттауына мүмкіндік алуы үшін.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі елу жеті елдің азаматтары үшін отыз күндік визасыз режимді қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл біз көптен күткен өте дұрыс шешім. Ведомствоаралық комиссия (ВАК) бұл туралы 2021 жылы мәлімдеген еді», - деп түсіндірді ҚТҚ директоры.

Сонымен қатар, ол Қазақстанға визасыз келе алатын елу жеті елдің азаматтары ВАК-тың рұқсатын алуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, ВАК рұқсат беретін мұндай құрылым дүние жүзінде жоқ.

«Бізге визасыз келуге құқығы бар азаматқа кіруге рұқсат беру немесе одан бас тарту туралы шешім ненің негізінде қабылданады. Елімізде Қазақстан аумағына шетелдік туристердің келуімен үнемі айналысып келген және айналысатын құрылымдар көп. Яғни, бізде кіру-шығу ережелері туралы қаулы бар, бас санитарлық дәрігердің бұйрығы бар. Неліктен нарық шетелдік туристердің келуіне қатысты бүгін ВАК-қа хабарласуы керек екенін түсінбейміз. Сондықтан, мен ВАК-тың нақты осы функциясы болмауын қалаймын. Мемлекетке де, бизнеске де қаржы ресурстарын әкелетін туризмді дамыту үшін тағы бір әкімшілік кедергінің қажеті жоқ. Ал бізде үшінші жыл бойы туристік нарықта еш қозғалыс жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары және бүгінгі әлемдегі жалпы жағдай саяхаттауға, бүкіл әлемді аралауға және адамдарға ақша тауып, отбасын асырауға мүмкіндік беру қажеттілігіне сүйенеді», - деп түйіндеді Рашида Шайкенова.


Up