Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандағы әскери оқу орындарында даярлық бағдарламалары қайта қаралады

22 May 2022 16:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов еліміздегі барлық әскери гарнизонды аралап шықты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі алқа мәжілісінің қорындысына орай өткен оnline-брифингіде ведомствоның Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары Алпамыс Өтепов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің алқа мәжілісінде көтерілген мәселелерге тоқталған А. Өтепов: «Мәжілісте қысқы оқу кезеңіндегі жалпы қызметтің, жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің қорытындылары шығарылды. Әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы да талданды. Қысқы оқу мерзімінде бөлімшелер тексерілген болатын. Сонымен қатар, түрлі оқу-жаттығу өткізілген еді», - деді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде техика мен қару-жарақты жаңарту мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Атап айтқанда, қысқы оқыту мерзімінде қойылған басты мақсаттар мен міндеттер орындалды деп есептейміз. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов барлық гарнизонды аралап шыққан болатын. Осы орайда, ведомство басшысы гарнизондардағы әскерлердің нақты жағдайын жақсы біледі. Тәрбие әрі идеология жұмыстарына байланысты мәселелер көтерілді. Министр жауынгерлік даярлықтың оқу-материалдық базаларына ерекше назар аударып, оқыту сыныптары мен жаттығу полигондарын сынға алды», - деді А. Өтепов.

Сонымен қатар, ол алқа мәжілісінде әскери инфрақұрылымның жағдайы егжей-тегжейлі қаралғанын жеткізді. Қорғаныс министрі сарбаздар казармалары мен асханаларының жағдайын тиісті нормаларға сай келтіруін талап етті.

«Ведомство басшысы Қарулы күштердегі тәрбие және идеология жұмыстарын түбегейлі қайта құру туралы, сондай-ақ жауынгерлік даярлық бағытында оқу-жаттығу орындары мен полигондарын қалпына келтіруге қатысты нақты тапсырма берді. Мұнымен қоса, рота старшинасы қызметін қайта енгізу тапсырмасы жүктелді. Министр жоғары әскери оқу орындарында оқу бағдарламаларын қайта қарастыруды ұсынды», - деді Алпамыс Өтепов.

Қорғаныс ведомствосының алқа отырысында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды орындау аясында есептік кезеңдегі қызметтің қорытындысы шығарылды.


Up