Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері қуатына тариф төмендеді

27 October 2021 19:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика және Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері Қазақстанда күн және жел электр энергетикасын дамыту перспективалары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елімізде жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту бойынша нақты ұзақмерзімді мақсаттарымыз бар. Қазір 2018 жылдан бастап ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша ашық электрондық аукциондар өткіземіз. Бұл өте үлкен әсер береді. Соңғы үш жылда жүргізілген аукциондар нәтижесінде күн электр энергиясына тарифтер 64%-ға, жел мен гидротарифтер шамамен 23%-ға төмендеді. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, тарифтердің төмендеуіне бәсекелестік ортаны дамыту ықпал еткен.

«Сонымен қатар, біз БАӘ-дегі серіктестермен ынтымақтастық бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бұл елдер бәсекелі сауда-саттық тетіктерін пайдаланатын, стратегиялық келісімдер жасасатын әлемдік тәжірибе. Басқа елдерде де дәл осындай жұмыстар жасалады. Бұл бәсекелестіктің күшеюіне және біздің тұтынушылар үшін тарифтердің төмендеуіне алып келеді», - деп атап өтті Мұрат Жүребеков.

Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бекешев жаңартылатын энергия көздерінің технологиялары қолжетімді бола бастағанын хабарлады.

«Тарифтердің төмендеуі бәсекелестікке әкелетіні түсінікті. ЖЭК технологиялары салыстырмалы түрде арзанға түседі. Күн энергиясын алатын болсақ, он жыл ішінде технологияның құны 9 есеге төмендеді. Сондықтан біз инвестициялардың негізгі ағынын 2040 жылдан кейін жоспарлап отырмыз. 2040 жылға қарай технологиялар төмендейді. Көміртекті ұстау және сақтау технологиялары әлі де қымбат. Сондықтан, ол кезеңде – 10-15 жылдан кейін бұл технологиялар шынымен де қолжетімді болатын шығар. 2060 жылға қарай шығарындылардың бір бөлігі ормандармен, егістіктермен, бір бөлігі ЖЭК-ке көшумен төмендейді деп болжап отырмыз», - деді Серікқали Брекешев.


Up