Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында Халықаралық өнеркәсіп орталығы ашылады

6 December 2021 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық ірі құрылыс компаниясы Ташкентте жеке ықшамауданның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бірқатар іргелі жобаны іске қосуға уағдаластық. Аталған жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған және екі елдің де азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсету ісіне қомақты үлес қосады. Мысалы, «Қазфосфат» компаниясы Ташкент облысында құны шамамен 1 миллиард доллар болатын фосфорлы және кешенді тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысына қызығушылық білдірді. Қазақстандық «BI group» ірі құрылыс компаниясы Ташкентте жеке ықшамауданның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатпен 1,2 миллиард доллар қаржы салмақ. Еліміздің автомобиль өнеркәсібіндегі көшбасшы «Astana-Motors» компаниясы Өзбекстанда «Hyundai» автокөлігін өндіретін кәсіпорын ашуға дайын. Екі мемлекеттің шекарасында Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығының тез арада іске қосылуы мультипликативті тұрғыдан тиімділігі зор болады әрі пайда әкеледі. Аталған мекеме Орталық Азиядағы ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналмақ. Ол екіжақты ғана емес, сондай-ақ аймақтық көлемдегі сауданы дамытуға ықпал етіп, арадағы көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейте түседі. Осыған байланысты үкіметтерге аталған нысанды тез арада салуды тапсырдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан Еуразиядағы маңызды сауда-көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан. Тараптар осы бағытты одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаның жүзеге асырылуын жылдамдатуға уағдаласты.


Up