Weather
Astana 18 °С
Almaty 20 °С
Exchange rates
USD 405.77
EUR 457.91
RUB 5.77
CNY 57.42

Қазақстан экспорты 1,3 мың тауарға түрленді

22 February 2020 17:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан экспорты 1,3 мың тауар түріне түрленді. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының дамуында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Айталық, Қазақстаннан экспортқа шығарылатын өнімдердің номенклатурасы 1 300 тауарға жуық артты», - деді ол.

Үкімет басшысының деректеріне сәйкес, Қазақстанның химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2,9 есе, 314,7 млн доллардан 897,8 млн долларға, ал машина мен құрал-жабдықтар 1,7 есе, 395,3 млн доллардан 654,7 млн долларға дейін ұлғайып отыр.

«Тауарлар шегінде экспорттың артуына трансформаторлар экспортының 7,5 млн доллардан 36,8 млн долларға дейін, ал қара металдан жасалған құбырлардың 34,6 млн доллардан 169,9 млн долларға дейін, яғни ақшаға шаққанда 5 есе ұлғаюы нақты дәлел бола алады. Экспорт географиясы Қытай, Ресей, Ұлыбритания, ЕО мен ТМД елдерін қоса алғанда алыс және тақын шет елдердің 120 мемлекетін қамтиды», - деді Асқар Мамин
Up