Weather
Astana -14 °С
Almaty -4 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан экономикасы жол апаты салдарынан 9 млрд доллар зардап шегеді

29 October 2020 19:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан экономикасы жол апаты салдарынан 9 млрд долларға пара-пар зардап шегеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2013 жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан еліміздің экономикасы 9 миллиард АҚШ долларына пара-пар зардап шегіпті. Бұл - Азия даму банкінің мәліметі. Ал адам шығынына келетін болсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан 175 елдің ішінде жол-көлік оқиғаларында 100 мың тұрғынға шаққанда, қайтыс болу көрсеткіші бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-інші орында тұр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның дерегінше, бұл көрсеткіш Ресейде 18, Өзбекстанда 11,5, ал Беларусьте 8,9-ды құрайды.

Ал қауіпсіз елдер рейтингін 5,5 адаммен Еуропалық одақ бастаса, мейлінше нашар көрсеткіштер Африка мен Латын Америка елдерінде тіркелген. Оларда 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 35 өлімнен келеді.

«Дегенмен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғаларында 100 мың тұрғынға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 10,4 өлімді құрады. Яғни, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде жарияланған 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,2-ге қысқарған. Дей тұрғанмен, бұл көрсеткіш әлі де болса жоғары. Сондықтан жол қауіпсіздігі жағдайын жақсарту бағытында жұмыстарды жалғастыра беру керек деп санаймын», - деді Замир Сағынов.

Up