Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандылық жеті күндік жаяу марафонға аттанды

19 May 2021 01:27

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда «Жаяу» танымдық туризм жобасы басталды. Оның жетекшісі Асхат Қажытай жеті күнде 333 шақырымды жаяу жүріп өтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол бойында ол көрікті жерлер мен жергілікті салт-дәстүрді видеоға түсіріп отырады. Саяхатшы бүкіл бейнені әлеуметтік желіде таратады.

«Жобаның бес бағыты бар. Біріншісі – Қарағанды-Қызыларай. Бұл сапар 24 мамырда Ақсораң тауына шығып, ту орнатумен аяқталады. Келесі бағыт – Қарағанды-Ұлытау және т. б. Жаяу марафон күзде Түркістанда аяқталады. Менің жобамның негізгі мақсаты – біздің жеріміздің тарихи және мәдени құндылығын көрсету. Сапар барысында кездесетін әр ауылдың өткені мен бүгіні туралы айтып, қызықты адамдардың портретін жасағым келеді. Соңғы уақытта танымал болып келе жатқан эко және этнотуризмге баса назар аударамын. Бір күнде 56–60 шақырымнан өтіп, жеті күнде Қызыларайға жетемін деп ойлаймын», – дейді Асхат Қажытай.

Туристік жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.

«Бірінші кезекте бұл бастама бұқаралық спортты насихаттауға ықпал ететін болады. Екіншіден, бұл тұрғындарды туған өлкенің тарихи орындары мен жеке тұлғаларымен таныстырудың бірегей тәсілі», – деп санайды Saryarqa aqparat медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов.


Up