Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды тұрғыны ХҚКО қызметкері қол көтерді деп шағымданды

21 October 2021 20:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды тұрғыны полицияға жүгініп, «Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері қол көтерді» деп шағымданған. Жағдайды Қарағанды облысының ПД түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 20 қазанда Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ХҚКО-сында болған. 44 жастағы тұрғын өзі мен оның І топтағы мүгедек анасына Халыққа қызмет көрсету орталығының күзетшісі шабуыл жасады деп полицияға арыз жазған. Ер адам барлық оқиғаны видеоға түсіріп алған.

Қарағанды облысының полиция департаменті хабарлағандай, тұрғыннан арыз қабылданып, ол сот-медициналық сараптамадан өтуге жіберілген.

«20 қыркүйекте Қарағанды қалалық ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 44 жастағы ер адам мен 66 жастағы әйелден шағым келіп түсті. Олар ХҚКО ғимаратында болған жанжал барысында жарақат салған ХҚКО қызметкеріне қатысты шара қолдануды сұрады. Бұл фактілер полицияда тіркелген. Өтініш берушілерге сот-медициналық сараптамадан өтуге жолдама берілді», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жанжалға қатысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, ер адам осы оқиғадан бір күн бұрын туысқанының қайтыс болғаны туралы анықтама алу үшін орталыққа келген. Алайда, бұл құжат 25 тамызда дайын болып, оны алып кетуге ешкім келмегендіктен тиісті мемлекеттік органға қайта жіберілген. ХҚКО қызметкерлері құжатты келесі күні келіп алып кетуін сұраған. Бірінші күні ер адам Ashyq мәртебесін растаудан бас тартқанын айта кету керек. Екінші рет жағдай тағы да қайталанып, келуші өзінің мәртебесін растағысы келмеген.

«Клиент дауыс көтерді, былапыт сөйледі, ХҚКО қызметкерлерін қасақана арандатып, оқиғаны смартфон камерасына түсірді. 20 қазанда орталыққа қайта келгенде клиент тағы да Ashyq қосымшасы арқылы тексеруден өтуден бас тартты. Ол өзінің агрессивті ұстап, қызметкерімізге тіл тигізді, салдарынан жанжал туындады. Қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр», - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан.


Up