Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында КВИ-мен сырқаттанушылық біршама төмендеді

17 September 2021 17:18

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында КВИ-мен сырқаттанушылықтың күн сайынғы өсуі тежеліп, төмендей бастады. Бүгінгі күні өңірдің инфекциялық стационарларында 1 705 адам емделуде. Жансақтау бөлімшелерінде 78 пациент бар, олардың 10-ы ӨЖЖ аппараттарына қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық ахуал жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев аурушаңдықтың өсуі азайып жатқандығын мәлім етті.

«Күн сайын 300-ден астам жағдайды тіркейміз. Осының негізінде төсек қуаттылығына жүктеме төмендеді және қазір 25 пайызды құрайды. Өткен екі аптамен салыстырғанда біз төсек-орын қорын 1 433 орынға қысқарттық. Бүгінгі таңда облыстың барлық жұқпалы аурулар госпитальдарының төсек сыйымдылығы 4 246 құрайды», – деп атап өтті Гамаль Тоқсамбаев.




Оның айтуынша, барлық инфекциялық стационарлар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, ӨЖЖ-аппараттары мен оттегі концентраттары жеткілікті. Орталықтандырылған оттегімен 26 медициналық ұйым жабдықталған.

«Облыста қосымша 25 компьютерлік томография кабинеті ашылды. 10 ПТР-зертхана тәулігіне 15 мыңнан астам ПТР-зерттеулер жүргізе алады», – деп атап өтті спикер.

Өңірде екпе науқаны жалғасуда. Бүгінгі күні облыста тұрғындардың 57%-ы (435 538 адам) толық егілді. Бірінші компонентті 506 454 адам алды.

«Вакцинация әзірге пандемиямен күресудің жалғыз әдісі болып табылады. Сондықтан халықтың қажетті иммундық қабатын неғұрлым тез ұйымдастырсақ, пандемияны соғұрлым тезірек жеңеміз. Тағы да барлық тұрғындарды вакцинациядан өтуге және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамын», – деді Гамаль Тоқсамбаев қарағандылықтарға.


Up