Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында қант диабетімен ауыратындарға тегін дәрі-дәрмек үшін 986 млн теңге бөлінді

24 June 2021 04:00

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы қант диабетімен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмек сатып алуға 986 миллион теңге бөлді.

Қарағанды облысында қант диабеті диагнозы бар 26 мыңнан астам пациент ай сайын қандағы қант деңгейін қалыпты ұстап тұруға көмектесетін дәрі-дәрмектер, инсулин шприцтері, инелер және басқа да медициналық бұйымдарды алады. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен осындай препараттардың тізімі кеңейтілді. Осы жылдың бес айында ғана өңірде қант диабетімен ауыратын науқастар 986 миллион теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар алды. Бір жыл ішінде қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуға 12,8 миллиард теңге жұмсалады.

«Науқастардың мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде аурулар тегін дәрі-дәрмектер алады. Дәрі-дәрмек алу үшін пациент өзінің ауруы бойынша диспансерлік есепте тұруы және дәрігерден рецепт алуы тиіс», – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.

Естеріңізге сала кетейік, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулармен динамикалық есепте тұрған пациенттер тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Олардың ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, туберкулез – барлығы 35 түрі бар. ТМККК пакетіндегі тегін препараттар тізімінде дәрілік заттардың 299 атауы бар.

Up