Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тобыл» «Атыраудан» басым түсті

9 May 2021 20:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің оныншы турында тағы бір ойын мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы алтыншы жұпта Қостанайда жергілікті «Тобыл» «Атыраумен» шеберлік байқасты. Қостанайлық клуб биыл да турнир кестесінде үздіктер қатарында көрініп келеді. Ал «Атырау» ала-құла ойынымен көзге түсіп жүр.

Ойын барысында екі команда да тең дәрежеде шеберлік көрсетті. Екеуі де есеп ашатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Дегенмен 80-минутта қостанайлық Серікжан Мужиков қақпаны дәл көздеді. Ойынның 92-минутында оның командалас әріптесі Жереми Манзорро қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Аталған жеңістен кейін «Тобыл» 21 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Көш басында 26 ұпаймен «Астана» командасы тұр.

Айта кетейік, аталған турдағы төрт ойын 8 мамыр күні өткізілді. Сол күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсары» Оралдың «Ақжайығынан», «Тараз» елордалық «Астанадан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды .

Ал Алматының «Қайраты» Қарағандының «Шахтерімен» 1:1, Ақтаудың «Каспийі» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен 0:0 есебімен тең түсті.

Сондай-ақ, бүгін «Ақтөбе» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісуын» 5:1 есебімен тізе бүктірді .


Up