Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан еуропа чемпионаты: Жарыстың 1/8 финалына шыққан құрамалар анықталды

24 June 2021 03:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңі мәресіне жетті. Жарыстың 1/8 финалына шыққан құрамалар толық белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Топтық кезеңдегі соңғы ойын күнінде E және F тобындағы құрамалар шеберлік байқасты.

E тобында алғашқы екі турда небәрі екі ұпайды қанағат тұтқан Испания үшінші турда Словакияны 5:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Алдымен 30-минутта словакиялық Мартин Дубравка өзінің қақпасына гол соғып алса, одан кейін Испания сапынан Эмерик Лапорт 45-минутта есепті үстемелей түсті. Ал олардың қатарынан Пабло Сарабия 56, Ферран Торрес 67-минутта мергендік танытса, 71-минутта словакиялық Юрай Куцка тағы бір автоголдың авторы атанды.

Аталған топтағы Швеция мен Польша кездесуінде де бес соғылды. Ойын барысында швециялық Эмиль Форсберг 2, 59-минуттарда дәлдік көрсетсе, 61, 84-минуттарда польшалық Роберт Левандовски екі гол соқты. Швецияға жеңіс алып келген допты 93-минутта Виктор Классон өзінің еншісіне жазды. Осылайша олар қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл топта 7 ұпаймен Швеция көш бастаса, екінші орын 5 ұпайы бар Испанияға бұйырды.

F тобында да плей- офф сатысына тартысты бәсеке жүрді. Жанкүйерлер алдымен Португалия мен Франция кездесуіне көз тікті. Кездесу барысында қос құрама қақпасына үш пенальти белгіленіп, олардың барлығы толықтай орындалды. Португалиялық Криштиану Роналду 30, 60-минуттарда пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша ол құрама сапында өзінің 109-голын соғып, әлемдік рекордта өзгеріс енгізді. Бұдан бұрын мұндай көрсеткіш ирандық Али Даеидің еншісіне жазылған болатын.

Ал Франция құрамынан Карим Бензема 45-минутта сондай мүмкіндікті пайдаланса, 47-минутта ойын барысынан гол соғып кетті.

Ойында 2:2 есебі тіркеліп, қос құрама да плей-офф сатысына жолдама алды.

Аталған топтағы тағы бір кездесуде Венгрия құрамасы Германияға қарсы жігерлі ойын көрсетті. Олардың қатарынан Адам Салаи 11-минутта есеп ашса, неміс футболшысы Кай Хаверц 66-минутта таразы басын теңестірген еді. Дегенмен 68-минутта Андраш шефер қайтадан Венгрияны алға шығарды. Ал 84-минутта неміс футболшысы Леон Горецка тағы да есепті теңестірді. Ойында 2:2 есебімен тең түсті. Германия екінші орын алып, плей-офф сатысына шықты.

Жарыстың 1/8 финалында Уэльс пен Дания, Италия мен Австрия, Нидерланды мен Чехия, Бельгия мен Португалия, Хорватия мен Испания, Франция мен Швейцария, Англия мен Германия, Швеция мен Украина кездесетін болды.

Енді 1/8 финал ойындары 26-29 маусым күндері өткізіледі.

Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өтуде. Бұл Еуропа чемпионатының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.

Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусымда басталды, ол 11 шілдеде мәресіне жетеді.


Up