Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерлан Тұрғымбаев: Мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады

21 June 2021 14:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігі - өте өзекті мәселе. ІІМ бірқатар іс-шара қабылдады. Біріншіден, заңға өзгерту енгізілді. Балаларға қатысты зорлау, сексуалды қылмыстар үшін жауапкершілік пен жаза күшейтілді. Жаза мерзімі ұзартылды, енді бұл бап бойынша татуласу мүмкін емес және мерзімінен бұрын босатылмайды. Екіншісі – алдын алу мәселелері. Қазір кәмелетке толмағандардың ісі бойынша инспекторлардың саны 448-ге дейін арттырылды. Енді әр қалада, әр аумақта, әр ауданда осындай инспектор болады. Олар жергілікті атқарушы органдармен бірге алдын алу іс-шараларды жүзеге асырады», - деді министр отырыс барысында депутаттардың сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Татарстанның Қазан қаласында орын алған оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бар.

«Мектептердегі қауіпсіздік іс-шаралары бойынша мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен білім беру органдарымен бірге 7 500 мектепті тексердік, 100 пайызында бейнебақылау камерасы бар. Бірақ, 45 пайызы ғана техникалық стандартқа сай келеді. Басқа да кемшіліктер бар. Мектептердің 30 пайызында дабыл жүйесі жоқ, турникеттер мен темір іздейтін құрылғылар 5 пайызында ғана бар, 6 пайызында ғана күзет ұйымдары жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі Білім және ғылым министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс істеп жатыр. Қаржы бөлінеді. Жыл соңына дейін осы кемшіліктерді жоямыз деп ойлаймын», - деді Ерлан Тұрғымбаев.


Up