Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ерлан Қарин Конституцияға енгізілетін өзгерістерді беске бөліп түсіндірді

17 May 2022 20:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық реформа Президенттің 2019 жылы бастаған бүкіл саяси реформасының қисынды жалғасы болды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин өзінің YouTube арнасында Конституцияға ұсынылатын негізгі өзгерістерді түсіндіру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде дамудың жаңа кезеңінде Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр және бұл Конституциялық реформасыз мүмкін болмайды. Өзгерістер Конституция баптарының үштен біріне қатысты болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, Ата заңға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Сондықтан Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешілетін болады. Конституциялық реформа дегеніміз – Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жалғасы. Бұл реформалар бойынша 10 заң қабылданған», - деді Мемлекеттік хатшы.

Оның айтуынша, конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылады.

«Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеді. Бәлкім көпшілігіңіз үшін Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылықты бірден көру қиын болады. Сондықтан біз барлық өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөлдік, олардың әрқайсысы жаңартылған Конституцияда не өзгереді деген басты сұраққа жауап береді», - деді Ерлан Қарин.

Түзетулердің бірінші блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді.

«Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті арттыру және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды», - деп түсіндірді Ерлан Қарин.

Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған.

«Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарады. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылады. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл қазіргіден төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылады: 6 судьяны Парламент тағайындайды, төрт судьяны Президент тағайындайды, Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен Президент тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді», - деп түсіндірді Ерлан Қарин.

Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрамақ. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді.

«Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады», - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Конституцияға енгізілетін түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді.

«Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады», - деді Е. Қарин.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайтын болады.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады.

Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған.

Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіледі. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді», - деп қосты ол.

Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болады.

Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы болады.

«Мен атап өткен түзетулер Мемлекет жұмысының негізгі принциптеріне қатысты және Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болады. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады», - деп түйіндеді Ерлан Қарин.


Up