Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ералы Тоғжанов Президенттік кадрлық резерв мүшелеріне ақыл-кеңесін айтты

12 June 2021 13:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрақты мемлекеттің дамуы үшін міндетті түрде қоғамдық келісім болуы керек. Бұл пікірді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елордада Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адами капитал туралы мәселе күн тәртібінде тұр және ол бүгін ғана пайда болған сұрақ емес. Мемлекеттік қызметте жүргенімізге біраз уақыт болды. Идеяларды айту оңай, бірақ жүзеге асыру – бөлек әңгіме. Деректер бойынша, бүгінгі резервшілердің 90 пайызы – мемлекеттік қызметте екен. 13 мың адамның ішінен 300 адамды іріктеді, оның ішінде 180 адам жұмысқа қабылданды. Ашығын айтқанда, мұнда мықтылардың арасынан озып шыққан мықтылар отыр деуге болады. Бұл – сіздерге жүктелген үлкен сенім», - деді Е. Тоғжанов ЭКСПО кешенінде өткен форумда.

Өз сөзінде спикер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел болашағына бағытталған шараларды көптеп қолға алғанын, өз мамандығын терең меңгерген азаматтың ғана бәсекеге қабілетті болатынын атап өтті.

«Соңғы жылдары тұтас дүниежүзінің ең үлкен мәселесі – коронавирус пандемиясы болды. Біздің елімізде де өте қиын жағдай болды, 400 мыңға жуық адам ауырып, 4 мың адамнан айырылып қалдық. Соның бәрінен сабақ алу керек, 2008 жылы үлкен дүниежүзілдік дағдарыс болғанда, Елбасы әрбір дағдарысты мемлекеттің даму мүмкіндігі деп қарастыру қажетін айтқан еді. Пандемия да – үлкен дағдарыс, көзге көрінбейтін вирустан бір-ақ күнде миллиондаған халқы бар қалалар тұралап қалды. Айта кетсем, түрлі халықтардың басын біріктірген ұйымда 9 жылдай жұмыс істегенмін. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын этника, дін мәселелері де ел үшін өте маңызды. Мұндай мәселелер бұрқ ете қалса, кез келген мемлекеттің болашағына қатер төндіреді. Тұрақты мемлекеттің дамуы үшін міндетті түрде қоғамдық келісім болуы керек. Сондықтан көзге көрінбейтін дүниелерді жүрекпен сезініп, болашақта ескеруіміз керек», - деп кеңес берді Премьер-Министр орынбасары.

Е. Тоғжанов мемлекеттің дамуы үшін ең алдымен дені сау ұлт пен саналы қоға қажет екенін айтты.

«Дала философиясы дейміз ғой, қазақтар баяғыда-ақ «Бірінші байлық – денсаулық» деп айтып кеткен. Денсаулығы мықты ұлт қана дами алатынын барша әлем түсінді деп ойлаймын. Екіншіден – саналы қоғам болашақта ауқымды дами алады. Бізде әртүрлі жобалар болды. Саналы қоғам қалыптасқан жерде – білімді ұлт та, бәсекеге қабілетті ұлт та, тәртіпке негізлген, салт пен дәстүрді терең қабылдайтын қоғам болады, мұндай қоғамда қиын мәселелерді еңсеруге болады. Мысалы Жапония, Сингапур, 1 млрд 400 млн халқы бар Қытайды мысал етуге болады. Біздің елімізде осындай қоғам қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Саналы қоғамда ел тоқта дегенде тоқтайды, сақтық шараларын сақтайды. Қиын эпидемиологиялық жағдайда да, қанша адам өмірден өтіп жатқанда да вирусқа сенбейтіндерді көрген шығарсыздар. Бірақ жеме-жемге келгенде дау-дамай шығып жатады, бірақ оның бәрі кеш болады. Бұл – біздің күнде айналысып жатқан сұрақтарымыз, осыны ескеруіміз керек», - дейді Ералы Тоғжанов.

Сөз соңында спикер пандемияның Қазақстандағы қоғамға қалай ықпал еткенін айтты.

«Әр қиындықтың бір артықшылығы болады. Пандемия арқылы сана-сезімімізде төңкеріс болды. Талай дүниенің тезірек дамуына ықпал етті, мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет болды. Мысалы пандемия болмағанда, компьютермен қамтамасыз ету мәселелері тағы 5 жылға созылар ма еді. Өз елімізде компьютер, ноутбук құрастыратын компаниялар ашылды. Қоғам дәрігер мен ұстаздардың қадірін түсінді. Өз балаларын оқытып шаршаған ата-аналар бар. Қазір жағдай қалыптасып келе жатыр. «Ашық» жобасы ашылып, ауру қарқынын бақылау күшейді. Бұрын уақыт жұмсап, жиналыстарда бас қосып жүрсек, қазір алыс жерлерден, аудандардан келмей-ақ, онлайн режимде сөйлесетін мүмкіндік туды», - деді Ералы Тоғжанов.


Up