Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елорданың өнер қайраткерлері түркістандық талантты балаларға сыйлық жасады

8 December 2021 20:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың өнер қайраткерлері Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебіне арнайы ат басын бұрып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде мектеп оқушыларына музыкалық аспаптарды тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрт қақпалы Түркістанның төрінде бой көтерген «Ақжайық» музыка мектебі жаңа аспаптармен толықты. Тарту еткен Елордалық өнер сүйер азаматтардың бұл сыйлығы Түркістандықтарға аспаннан аспаптар жауған күнге теңеген қуаныш сыйлаған күн болды.

«Түркістан - тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің астанасына айналып отыр. Осындай бір керемет заманауи үлгіде салынған мәдениет ошақтарының ішінен талай еліміздің өнер саласының майталмандары тәрбиеленіп шығады деп ойлаймын. Міне, бүгін өнер көрсеткен 138 баланың әрқайсысы әр бағытта таңдаған өнерлері бар екеніне көзімізді жеткіздік. Сол балаларға толық білім алулары үшін, өздерінің мәдени және рухани талпыныстарын арттыру үшін осы музыкалық аспаптарды сыйлап отырмыз!», - деді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов.

Заманауи үлгіде салынған мектепте 138 оқушы бала өнердің оннан аса түрінен дәріс алады. Атап айтқанда; домбыра, қобыз, жетіген, фортепиано, скрипка, вокал, ұрмалы аспаптар, ән-терме, баян және соксофон. Үйірмелерге консерватория түлектері ұстаздық етіп, оқушылар республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.




«Кез-келген мемлекеттің ертеңі – ол өскелең ұрпақ екені заңдылық. Әсіресе, елдің, ұлттың болашағы әрине ең бірінші дарынды, өнерлі, білімді, интелектуалды және зерделі ұрпақтың қолында! Сондықтан, бүгін біз Елордадан Түркістан қаласына арнайы ат басын бұрып, бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі іспеттес Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебіне Елордалық әкімдік пен мәслихаттың, Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер қайраткерлерінің атынан арнайы тапсырыс беріп жасалған, сапасы өте мықты домбыра, қылқобыз, жетіген, баян, скрипка, прима-қобыз секілді аспаптарды алып келдік. Бұл аспаптар арқылы болашақта Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде білім алып жатқан жас дарындар өздерінің таланттарын, шығармашылық әлеуетін көрсетіп, республикалық, халықаралық өнер сайыстарында топ жарып шығатынына сенемін!», -деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры Асхат Маемиров.














Up