Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елена Мауль: ТЖМ диспетчері – жауапты мамандық

16 October 2021 19:12

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – ТЖМ қызметкерлері тек құтқарушылар-өрт сөндірушілерден ғана құралмайды. Бұл салада әрбір төтенше жағдайдың адам өлімісіз, барынша аз шығынсыз болуына септігін тигізетін мамандар жетерлік. ҚазАқпарат тілшісі 19 қазан Құтқарушылар күніне орай ТЖМ қызметкерлері туралы мақалалар сериясын жарияламақшы. Бүгінгі кейіпкеріміз – диспетчер Елена Мауль.

ТЖМ қызметкерін еске алғанда, бірден қиыншылыққа тап болған адамдардың өмірі үшін жалынмен, апатпен күресетін құтқарушының батыл бейнесі пайда болады. Құтқарушымен бірге кез келген төтенше жағдайды жоюда және құтқарушылардың оқиға орнына қаншалықты тез жететіндігі көмек туралы қоңыраулар қабылдайтын диспетчердің шешуші әрекеттеріне байланысты.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы Өрт байланыс пунктінің диспетчері, азаматтық қорғау старшинасы Мауль Елена Николаевна ширек ғасырдан бері осы салада қызмет етіп келеді.

Диспетчерлердің жұмыс күндері өрт байланысының орталық пунктінің шағын бөлмесінде өтеді. Бұл жерде күн сайын жүздеген қоңыраулар өңделеді. Мұнда облыс бойынша өрттер, жол-көлік оқиғалары және басқа да төтенше жағдайлар туралы ақпарат келіп түседі. Дәл осы бөлмеде адам өмірін сақтап қалу үшін күнделікті көзге көрінбейтін жұмыстар жасалады.




Бір қарағанда, диспетчерлердің жұмысы өте қарапайым сияқты. Бірақ бұл мүлде теріс пікір.

Диспетчер қоңырауларды қабылдап қана қоймайды. Ол ақпаратты нақтылайды – не және қайда болып жатыр, адамдарға қауіп бар-жоғын анықтайды және алынған ақпаратқа сүйене отырып, жіберілетін техника мен өрт сөндірушілердің саны туралы шешім қабылдайды.

«Бізге әр түрлі қоңыраулар түседі. Адамдар шынымен көмекке мұқтаж болады, ал кейде балалар ойнап қоңырау шалуы мүмкін. Бір баланың қоңырауы есімде қалды. Оның жасы небәрі 4-те еді, ол үйде өрт болып жатқанын, үйде өзімен оның қарындасынан басқа ешкім жоқ екенін айтты. Мен одан «Саған мұнда қоңырау шалуды кім айтты?» деп сұрағанымда, ол оны теледидардан, мультфильмнен көргенін және нөмірді есіне сақтап қалғанын айтты. Мен ол жерге өрт сөндіру бөлімін жібердім, құтқарушылар айтылған мекен-жайға келгенде шынымен де өрт болып жатқанын көрген. Үйде жалғыз қалған балалар отпен ойнап, нәтижесінде өрт шыққан. Бұл жалған шақыру болмады, біздің жауынгерлеріміз кішкентай ұл мен қызды аман алып қалды», - дейді Елена.

Елена Николаевна бұл салада 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Ол бұл мамандықты кездейсоқ таңдамаған, оның анасы мен әпкесі де диспетчер болып жұмыс атқарған. Олардың өрт сөндіру қызметі туралы қызықты әңгімелерін тыңдаған сайын, Еленаның да осы мамандыққа деген қызығушылығы оянған.

«Мен кезекшілігімнің алғашқы тәулігін есімде жақсы сақтап қалдым. Әрине, уайымдадым, менің қолымнан келе ме деп ойландым. Мен өз жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Барлығы біздер, диспетчерлер хабарламаны қаншалықты нақты, әрі жылдам қабылдап, техниканы төтенше жағдайларға жіберетінімізге байланысты, құтқарушылардың оқиға орнына қаншалықты тез жетуіне байланысты, мүмкін осының арқасында біреудің өмірін сақтап қалармыз», - дейді Елена Николаевна.

Ширек ғасыр бойы ерен еңбек еткен Елена Мауль сертификаттар және алғыс хаттармен қоса көптеген марапаттарға ие болған.


Up