Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ел халқын отандық азық-түлікпен қамтуға толық мүмкіндік бар - Ербол Қарашөкеев

18 November 2021 14:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел халқын отандық азық-түлікпен қамтуға барлық мүмкіндік бар. Бұл туралы Сенат отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына қойылған міндеттің бірі – халықты Қазақстанда өндірілген азық-түлік тауарларымен, ең алдымен құс еті, балық, шұжық, сүзбе мен ірімшік, алма және қантпен қамту. Ол үшін таяуда қабылданған Ұлттық жобалар аясында 930-дан астам инвестициялық жобаны 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Онда 150-ден астам тауарлық сүт фермасын пайдалануға беру қарастырылған. 19 үлкен құс фабрикасы салынады. Оның ішінде 9 ет өңдейтін зауыт болады. 6,6 мың гектар қарқынды бақты пайдалануға беру де жоспарланған» - деді министр Сенат депутаттарының сауалына орай.

Оның атап өтуінше, аталған жобаларды жүзеге асыруға 4,5 трлн теңге қаражат тартылады.

«Ал қарастырылып отырған 2022-2024 жылдарға арналған 3 жылдық бюджетте 235 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат инвестициялық субсидия мен несие және лизинг төлемақысын төмендететін субсидия үшін қарастырылып отыр. Жалпы Қазақстанда өндірілетін азық-түлік тауарларын ел халқына қолжетімді жасауға барлық мүмкіншілік бар деп санаймыз», - деді Ербол Қарашөкеев.


Up