Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгердің жеке заттары Отанына оралды

1 August 2021 07:30

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Смағұл Серікбаевтың туыстарына оның ресейлік «Пионер» іздеу жасағы тапқан жеке заттары табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Смағұл Серікбаев 1942 жылы тамызда Калинин облысы Ржев ауданы Бельково ауылы үшін шайқаста қаза тапқан. Жауынгердің жерленген жері өткен жылдың күзінде табылды.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ Ресейде іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Міне, осылай «Пионер» тобы жауынгер Смағұл Серікбаевтың медальоны, медалі және жеке заттарын тапты. Іздеу тобы оларды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздарды жүйелі іздеумен айналысатын «Атамның аманаты» ҚБ-не тапсырды», – деді Қарағанды әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов.

Смағұл Серікбаевтың жақындары ұзақ жылдар бойы Екінші дүниежүзілік соғысында жанын қиған туысқанының қайда жерленгенін білуге тырысып баққан.

«Менің әкем Смағұл ағаның жиені. Ол оны ұзақ уақыт іздеді, хат жазды, тіпті Ресейге барды. Жақында бізге қоңырау шалып, жерлеу орны, медаль және жеке заттар табылғанын хабарлады. Мен іздеуге қатысып, көмектескендердің барлығына және осы заттарды бізге бергендерге алғыс айтамын. Бұл естелік. Біз атамыздың өмірі мен өлімі туралы әңгімелеп, бұл заттарды ұрпақтан-ұрпаққа өз балаларымызға, немерелеріміз бен шөберелерімізге беретін боламыз», – деп бөлісті жауынгердің туысы Амантай Серікбаев.

Up