Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дінмұхамед Қонаевқа арналған білім байқауы мәресіне жетті

16 June 2021 03:37

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбектерін дәріптеуге арналған онлайн-байқау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адалдық пен ізгілік жолы» тақырыбына арналған білімділер додасы 4-28 мамыр аралығында өтті.

Негізгі мақсаты – ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру, сонымен бірге педагогтар арасында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізу, оқушыларды жазба жұмыстарына баулу арқылы зияткерлік және шығармашылық қабілетті дамыту.

Білім бәсекесіне оқушылардан – 63, ұстаздар қауымынан 18 өтінім қабылданған. Оқушылар Д. Қонаевтың өмірі мен еңбектері туралы эссе жұмыстарын жазса, педагогтар ғылыми жобаларын қорғады. Айта кетейік, байқауға 8-10 сынып оқушыларының 27 жұмысы іріктеліп алынса, ұстаздар арасында 7 ғылыми жоба сыннан сүрінбеді.

«Ширек ғасыр ел басқарған кемел адамның өткені мен артында қалған дара жолын өскелең ұрпақ білуі тиіс. Бүгін мәресіне жеткен доданың нысанаға алғаны да осы еді. Сондықтан, сайыс Қонаев атындағы Халықаралық қорының демеушілік қолдауымен ұйымдастырылды. Аталған шараға аудандық, қалалық және облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары мен педагогтары қатысты. Келіп түскен шығармалар мен жобаларды Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары мен БАҚ саласында еңбегі сіңген тұлғалар сарапқа салды»,- дейді Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қордың ресми өкілі Бақтығали Сақымқожаұлы.


Up