Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бүгінгінің жастары бәсекеге қабілетті – қызылжарлық музыкант Жан Өмірзақ

27 October 2021 13:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың 18 жастағы тұрғыны Жан Өмірзақ көптеген жасқа үлгі. Жас музыкант оқу мен жұмысты қатар алып жүр, жақында Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиаты атанды. Өнерпаз жасты ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- Өзіңді оқырмандарымызға таныстырып кетсең. Жасың нешеде, қайда оқып жатырсың, қайда жұмыс істейсің?

- Мен 2003 жылы Есіл ауданы Явленка елді мекенінде туғанмын. 5-сыныптан бастап Петропавлдағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі, өнерге дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінде оқыдым. Қазір осы колледжде прима қобыз мамандығы бойынша білім алып жатырмын. 4 курс студентімін. Сонымен қатар, Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінде қобызда ойнаймын.

- Өнерге қалай келдің деп сұрауым қисынсыз болар, өйткені атаң, әкең, ағаларың – бәрі әнші-домбырашы. Дегенмен, басқа салаға қызығушылық болған жоқ па?

- Атам Өмірзақ Рамазанов, өңірге ғана емес, республикаға танымал өнерпаз-әнші. Кезінде біздің туған ауылымыз, қазіргі Есіл ауданы Орталық ауылында мәдениет үйінің салынуына бастамашы болды. Кейін осы ауылды қазақ халық театрын ашты. Атам театрдың жетекшісі, режиссері, актері және Орталық мәдениет үйінің директоры болды. Сондай-ақ Рамазановтар отбасылық ансамбілін құрып, жетекшілік етті. Отбасылық ансамбль еліміздің түкпір-түкпірінде концерт қойды. Жетістіктері үшін атам талай марапатталды да. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Өмірін мәдениетке арнап, барлық балаларын өнерге баулыды.




Күләш әжем де өнерден құралақан емес. Жас кезінде ауылдық клубтың меңгерушісі болған. Спектакльдерде ойнап, концерттерге қатысқан. Әкем Спартак Рамазанов 5 жасынан сахнаға шығып, ән айтып, еңбек жолын ауылдағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастады. Қазір Петропавлдағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрының директоры. Әкем облыстық-республикалық байқаулардың жеңімпазы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Осындай отбасында дүниеге келгендіктен мен де кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Әкем ән айтқанда бірге қосыла шырқайтынмын. Музыкант болуды кішкентайымнан армандадым. Егер бұл салаға келмесем мүмкін тіл маманы немесе журналист болар ма едім.




- Өнерпаз отбасы болғандықтан оның да өзінің бір ерекшелігі бар ғой?

- Иә, бізде отбасылық мерекелер қобыз-домбырасыз өтпейді. Дастархан басында күй тартамыз, ән шырқаймыз, көңілді өтеді. Міндетті түрде Шәмші ағаның «Ана» туралы жырын шырқаймыз.

- Қай жасыңнан бастап қолыңа музыкалық аспап ұстадың?

- Сыныпта қолыма алғаш рет қобыз аспабын алып, содан тастаған емеспін. Бастапқыда қиын болды. Қазір аз болса де жетістіктерім бар.

Қобыз үні менің жаныма жақын. Әрі отбасымызда барлығы домбырада ойнағандықтан, мен «басқа бір аспапты меңгерейін» деген ой болды. Қобыз – қазақ халқы үшін өте киелі, ертеден келе жатқан ғажайып музыкалық аспап қой. Жойылып, жоғалып кетудің аз-ақ алдында қалған қобызбен ата-бабаларымыз табынған, онымен емдеген де. Қобыз тартқан бақсылар оның үнімен адам бойындағы әлсіздікті сыртқа шығарып, күш-қуат берген. Тембрге бай, ол арқылы қуаныш пен қайғыны жеткізуге болады. Мен қазір қобыздың оркестрге лайықталған прима түрін тартамын. Репертуарымда бірнеше шығарма бар, бесінші сыныптан бастап ойнап келе жатқандықтан, оның санына жету қиын.




- Өнерде және өмірде кімді үлгі тұтасың?

- Өмірде де, өнерде де үлгі тұтатын жандар – ата-әжем, әке-шешем. Солар сияқты адал, ешкімнің ала жібін аттамайтын, арам пиғылсыз адам болу – өмірлік ұстанымым. Өнер жолын таңдағандықтан өз қазақ халқымыздың төл музыкасының алға басуына, өркендеуіне ат салысқым келеді.

- Спортшылар сияқты музыканттар да түрлі байқауларға қатысқан сайын тәжірибе жинап, шыңдала түседі ғой. Қандай конкурстарға, қандай байқауларға қатыстың?

- 2017 жылдан бастап түрлі байқауларға қатысып келемін. Осы жылы «Astana music games» республикалық байқауында, Қарағанды қаласында өткен ІІІ халықаралық «Ақ сұңқар-Белый сокол» байқауында және Омбыда өткен «Золотая Сибирь» халықаралық байқауында 1-орын алдым. 2018 жылы Көкшетауда өткен халықаралық «Жас талант» және елордада өткен «Еліме қосар үлесім» байқауларында да жеңімпаз атандым. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Ұлы дала сазы» атты халық музыкалық фестивалінде дипломант атандым.

- Сенің осы күнге дейін қол жеткізген ең үлкен жетістігің?

- Менің жетістігім, әзірге тікелей оқуыммен байланысты. 9 сыныпты кілең беске аяқтадым. Сондай-ақ жақында Нұрсұлтан Назарбаев қоры стипендиясының иегері атандым. Мұны мақтан тұтамын. Бұл стипендия үздік оқитын студенттерге және қоғамдық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарға белсенді қатысушыларға, студенттер мен оқытушылар арасында беделге ие жастарға беріледі. Мен оқумен қатар, жұмысты қатар алып келемін. Сондықтан, маған жүктелген жауапкершілік екі есе. Сол үдеден шығуға тырысамын.

- Қазіргі замандастарыңа қандай баға бересің?

- «Қазіргі жастар бұызылып барады, бұрынғы жастар керемет еді» деген сөздерді жиі естимін. Бірақ мен онымен келіспеймін. Өйткені бүгінгі жастар жаңалықты игеруге өте бейім, жаңа нәрсені үйренуден қорықпайды, бәсекеге қабілетті, өзіне не керегін біледі. Қазіргі жастарда мүмкіндік те көп қой, ақпарат қолжетімді, оны тез қабылдап, тез қорытады. Оқимын, білсем екен деген құштарлық та бар, бірнеше тілді меңгерген. Мен білетін жастардың көбі оқу-білімге құштар.

- Рахмет, сәттілік тілеймін!


Up