Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Болгаркамен кескен: Елордада төлем терминалының ақша салатын жәшігі ұрланды

25 January 2022 14:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қаскүнемдер төлем терминалын бұзып, ақша салатын жәшігін ұрлап кетті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Екі күдікті Ә. Бөкейхан көшесі бойындағы үйдің ауласында тұрған төлем терминалын таңдап алып, түнгі уақытта болгарканың көмегімен кескен. Содан кейін ақша салынған жәшігін алып кеткен. Осы мақсатта олар бір күн бұрын құрылыс дүкенінен болгарканы жалға алған», - деп атап өтеді Полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, қаскүнемдердің терминалды кесіп жатқан сәті видеоға түсіп қалған. Күдіктілер алып кеткен ақша салатын жәшікте небәрі 20 мың теңге ғана болған.

«Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 26 жастағы екі күдіктіні тұрғылықты жерлерінен ұстады. Олардың бірі ұрлық жасағаны үшін бұған дейін сотталған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Полиция департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - делінген таратылған ақпаратта.


Up