Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

БҒМ: «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы төрт бағыттан тұрады

22 October 2021 12:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведмствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылған. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

«Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру және т. б. мәселелер жалғасын тапты.

Ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық жоба әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органмен пысықталды», делінген хабарламада.

Министрліктің түсіндіруінше, ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады.

Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізіледі.

«Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Жоба шеңберінде 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарлануда. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.

Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылатын болады. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда, бұл жастардың елден кетуін қысқартуға мүмкіндік береді.


Up