Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бес ақмолалық спортшы Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға қатысады

24 January 2022 16:15

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмолалық үш шаңғышы, бір биатлоншы және бір парашаңғышы Бейжіңде өтетін 24-ші Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 24-ші Қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында Қытай астанасында Бейжіңде өтеді.

«Осы байрақты жарысқа елімізден жеті шаңғышы қатыстатын болса, оның үшеуі Ақмола облысының спортшылары. Олар Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Валерия Тюленева мен Надежда Степашкина. Валерия Тюленева 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Сонымен бірге, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының чемпионы, Дүниежүзілік универсиада жүлдегері, үш Олимпиада ойындарының қатысушысы Евгений Величко бар. Бұдан бөлек, биатлоннан ұлттық құраманың сапына Қазақстан Республикасының спорт шебері, Әлем чемпионаттарының қатысушысы Александр Мухин еніп отыр», - деді ведомстводан.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Махаббат Большина атап өткендей, 4-13 наурыз аралығында Бейжіңде өтетін XIII паралимпиадалық қысқы ойындарында тағы бір ақмолалық, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, XII қысқы Паралимпиадалық ойындарға қатысушы Денис Петренко өнер көрсетеді.


Up