Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Баян атты батыр қыз: Соғыста ер адамға бергісіз ерлік жасаған Баян Байғожина жайлы не білеміз

9 May 2021 19:56

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Адамзат тарихындағы ең қасіретті жылдар саналатын Екінші дүнежүзілік соғыста Отан үшін от кешкен ержүрек бабаларымыз аз емес. Қанды майданда шыбын жанын шүберекке түйіп шайқасқа түскендердің бірі – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының тумасы Баян Байғожина. Батыр қыз нәбәрі 22 жасында Жеңіске 12 күн қалғанда Гинденбург қаласының түбінде мерт болған. Белоруссия, Литва, Польша, Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысқан ол Қызыл Жұлдыз, Даңқ ордендерімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Жарақат алса да, жауға қарсы тұрған Баян Байғожина 1923 жылы Абай ауданы Архат ауылында дүниеге келген. Гитлер бастаған фашистер Кеңес Одағына басып кіргенде Баян 18 жасқа толған бойжеткен еді.

1943 жылы ерлігі күллі әлемге танылған Мәншүк Мәметованың соғыста қаза тапқандығы жайлы қаралы хабарды Шыңғыстау ауылдары да есіткен.

Сол күндерде Мәншүктің кегін алғысы келген жас жігіттер мен қыздар тіс қайрап, майдан шебіне өздері сұраныпты.

Міне солардың ішінде Баян да болған. Әкесі Байғожа қызының тілегіне қарсы тұрмаған.

Сөйтіп, Баян Қазақстанда құрылған бөлімдердің біріне қабылданып, сұрапыл соғысқа аттанады.

«Правда» газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецов 1945 жылдың 8 наурызында жарық көрген мақаласында қазақтың батыр қызы Баян Байғожина жайлы қалам тербеген екен.

«Девушка из Чингистау» атты мақала жазылған газеттің №57 нөмірі Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мұрағатында сақтаулы тұр.

«Төгілген қолаң шашын желкесіне түйіп, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан, – деп жазады Павел Кузнецов, – Біз онымен Гинденбургте Валинштрасседе қашып үлгермеген неміс бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік. Шын пейілмен әңгімелесе отырып Н. атқыштар полкінің ефрейторы Баян Байғожинаның өмір тарихын білдім. «Алғашқы кезде жолым болмады» – деді ол, – «Көздеген жерімізге жетпей-ақ эшелонымызға неміс самолеттері төбемізден соққы берді. Олар вагондарға пулеметтерден оқ жаудырды. Сол сәтте маған да жау оғы келіп тиді».

Жарақат алған Баян госпитальге жеткізілген екен. Көп ұзамай сауығып, сымдай тартылған бойжеткен жол батальонына жіберіледі.

«Үш құрбы: Баян Байғожина, Вера Короткова, Ксения Божко көпір басқан блиндажда тұрды, – деп қалам тербейді әскери тілші, – Кескілескен ұрыстарда ерекше көзге түскен байыпты да ержүрек Баян алғаш рет Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Баянның даңқы көп ұзамай мұқым дивизияға тарады. Қанды шайқастардың бірінде тосқауылда тұрған ол 9 немісті жер жастандырған. Сөйтіп, ұрыс майданындағы ерен ерлігі үшін екінші рет Даңқ орденін тақты. Шыңғыстаудың Баяны арпалысқан ұрыстарда Белоруссияның, Литва мен Польшаның жерінен өткен. Гинденбургтың іргесіндегі қыстақтарда адам қаны судай аққан сұрапыл шайқас болды. Гитлершілдер үй шатырының астынан, жертөлелерден оқ жаудырды. Сол кезде снарядтың жарықшағы қапияда Баянның бетіне тиеді. Командир оған дәрігерлік батальонға баруға бұйырғанымен, жарасын өз қолымен байлап алған Баян қайтадан майдан шебіне кіріп кетеді. Осы жерде 15 фашисті жойғаны үшін Отан соғысы орденімен наградталады. Сөйтіп Баян Байғожина бізге: «Берлинде көріскенге дейін сау болыңыздар!» деп, қоштасып алға жылжыды. «Берлинде жеңіспен көріскенге дейін қош бол, Баянжан» дедік біз.

Қиылған қасты қараторы қыз

Қазақтың қаһарман қызы жайлы сақталған тарихи құжат бұл ғана емес.

Төрт орденді гвардия аға лейтенаты Мұрат Қабышевтың 1945 жылы 29 наурызда жазған хаты Семей облыстық мемлекеттік архивінде табылған.

Осы ретте сол хатты түгел беруді жөн көріп отырмыз (пунктуациясы мен орфографиясы сақталған):

«Март айының (1945) бас кезінде Германиядағы Г. қаласынан 7 шақырым жерде бекініп отырған советтің үш солдат қыздарына кезіктім. Қиылған қас, қара көз, қараторы, басына солдат малақайын киген қыз маған: «Ағай, қай жердікісіз?» деді. «Семей облысы, Абыралы ауданынанмын» деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы «Туған ағам болдыңыз ғой. Мен Шыңғыстауданмын. Баян Байғожина» деп шап беріп қолымды алды... Баян Байғожина екі рет раненый болған. Төрт ордені – «Красная Звезда», «Слава», «Отечественная война» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі бар. Мұндай Отанға еңбегі сінген Баян сияқты қазақ қыздары санамалы. Баян қазір госпитальда. Ол менен туған елдің газетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер» (Полевая почта 48924).

Ауылда клуб ашқан ардагер ұстаз

С ексеннің сеңгірінен асқан ардагер ұстаз Түгелжан Әзімханова Баян Байғожинаның есімін өшпестей етіп қалдыру үшін 90-шы жылдардан бері талмай еңбектеніп келеді.

1998 жылы батыр қыздың кіндік қаны тамған Архат ауылында бос тұрған бұрынғы сауда дүкенінің ғимаратын сатып алып «Баян» клубын ашқан.

Содан кейін Түгелжан апа 15 жыл сол клубтың басы-қасында болыпты.

– Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен Баян Байғожинаға Абай ауданының орталығы Қарауылда бір көше мен балабақша аты берілген. Сондай-ақ Семей қаласындағы бұрынғы Краснознаменная көшесі оның есімімен аталған. Енді 22 жасында шейіт болған қаһарман қызды ұлықтау үшін Өскеменде көше немесе нысан атауы берілсе нұр үстіне нұр болар еді, - дейді Түгелжан Әзімханова.








Up