Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда киіктер жол салушылар қазған траншеяға түсіп кетті

16 September 2021 17:13

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында киіктер жол салушылар қазған траншеяға түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан түскен мәліметке қарағанда, оқиға Жәнібек ауданы аумағында болды.

14 қыркүйек күні шамамен сағат 10.00-де «WhatsApp» желісі бойынша инспекция қызметкеріне видеотүсірілім келіп түскен. Онда шамамен 12-15 бас киіктің (негізінен текелері) тереңдігі 2,5-3 метр, ұзындығы 700-800 метр траншеяда жүргені бейнеленген.

Жәнібек ауданына инспекция қызметкері шұғыл аттанып, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан аймақтық филиалының инспекторларымен бірлесіп, оқиғаны анықтады.

Видеоны 11-12 қыркүйек күндері Казталов-Жәнібек автожолы бойында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Теміржол жөндеу» -«СпецСтройМонтаж» ЖШС филиалының қызметкерлері түсірген.

Киіктер аталған жолды кесіп өткен кезде қоршаудың жоқтығынан траншеяға түсіп кетіп, шыға алмаған. Содан кейін арнайы техниканың көмегімен топырақ себіліп, ақ бөкендер босатылған.

«Аталған аумақ Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің көшіп-қонып жүретін жері болып есептеледі. Сондықтан «Теміржол жөндеу» - «СпецСтройМонтаж» ЖШС филиалы басшылығына алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу қажеттігі ескертілді», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы. «Теміржол жөндеу - «СпецСтройМонтаж» ЖШС филиалының қызметкерлері аталған оқиғадан киіктерге залал келмегенін, арнайы техниканың көмегімен шығарып жібергенін растады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаппай қырылған 380-ге жуық киіктің анықталғанын жазған болатынбыз.


Up