Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әуе рейстері үздіксіз орындалады – Индустрия министрлігі авиаотын жетіспеушілігі туралы

28 October 2021 12:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елорда әуежайы мен «СКАТ» әуе компаниясының авиаотын жетіспеушілігіне қатысты мәлімдемелеріне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты авиаотынның ішкі нарығында әуежайлар мен әуе компаниялары үшін авиакеросин өндіруде және қамтамасыз етуде белгілі бір қиындықтар бар. Дегенмен тұрақты жолаушылар және жүк рейстері үздіксіз қамтамасыз етілді. ҚР ИИДМ ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп, зауыттардан, жеке компаниялардан, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-дан Павлодар зауыты жұмысын қайта бастағанша әуе компаниялары мен әуежайларға отын жеткізу кестесін әзірледі», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі уақытта әуежайларда 27,9 мың тонна отын бар. Оған қоса, 9,2 мың тонна зауыттардан жөнелтілді және 15,6 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Жалпы көлемі – 53 мың тонна.

Қазан айының соңына дейін мұнай өңдеу зауыттары 2 мың тонна авиаотын шығарады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан әуежайы үшін қосымша отын бөлінеді. Сондай-ақ, СКАТ әуе компаниясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан қосымша авиакеросин жеткізу жоспарланып отыр.

«Елорда әуежайында 3,1 мың тонна авиакеросин бар. Жақын күндері 3,9 мың тонна жеткізу жоспарланып отыр. Алматы әуежайындағы отын қалдығы – 5,4 мың тонна. 4 мың тонна жөнелтіліп, жолда бара жатыр. 5,8 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Эйр Астана әуе компаниясында 7,4 мың тонна, СКАТ әуе компаниясында 1,7 мың тонна отын қалған. 1,5 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Тұрақты әуе рейстерді үздіксіз орындала береді», - деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы авиажанармай тапшылығынан әуежайдың үздіксіз жұмысы тоқтауы мүмкін деп дабыл қаққан болатын.



Up