Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау жерінде Жошы ұлысынан шыққан 7 хан билік құрған

28 October 2021 18:50

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының аясында Сарайшық ауылындағы этноауылдың жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция қонақтарына бір кездері Алтын Орда мемлекетінің астанасы болған Сарайшық қаласын еске түсіретін этноауылдың жобасы ұсынылды.

Этноауылдың кіре берісінде шығыс сәулетімен салынған сапар орталығы орын тепкен. Этноауылдағы түрлі экспонаттар мен әр дәуірдің киімін киген адамдар Алтын Орда мемлекетінің мәдени даму тарихын барынша кеңінен сипаттаған. Зерлі арба, Ұлы Жібек жолының ажырамас атрибуты – түйелі керуен, жамбы атқан мергендер мен ит жүгіртіп, құс баптаған саятшылар, алтыбақан аясында ән қалықтатқан серілер, темірден түйін түйіп, ағаштан бұйым ойған қолөнер шеберлері, бәрі-бәрі Жошы ұлысының мәдени мұрасы қаншалықты бай болғанын паш етті.







Атырау облысы Мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің айтуынша, конференция қонақтарына көрсетілген этноауыл «Сарайшық қалашығы» жобасының макеті ғана. Киелі орынға турист тарту үшін республикалық қаражат есебінен үлкен Сапар орталығы мен мешіт бой көтеріп келеді.

«Бүгінгі этноауылда 20-ға жуық киіз үй құрылған. Оның ішінде ежелгі Сарайшықта жүргізілген археологиялық қазбаларда табылған құнды жәдігерлер, түрлі қару-жарақ пен тұрмыстық бұйымдардың бәрі көрмеге қойылған. Сонымен қатар, Атырау облысының аумағынан табылған аса құнды жәдігерлер де осы киіз үйлерде ұсынылды. Атап айтсақ, Қазақстандағы «Алтын адамдар» сапында тұрған екі жәдігер Атырау облысынан табылған болатын» - дейді әкімдік өкілі.

Оның айтуынша, желегі Сарайшықтың өзі де осы этноауылға жақын жерде жатыр. Ал жаңадан салынатын Сапар орталығында археологиялық жәдігерлердің көрмесі мен реставрациялық зертхана жұмыс істейді.












«Бүгінгі көрмеде ұлтымыздың ұлы тұлғаларының, зиялыларының қолынан шыққан және сол ұлылардан мұра болып қалған ұлттық домбыралардың тоқсанға жуық коллекциясы қойылған. Жергілікті қолөнер шеберлерінің зергерлік бұйымдар және «Батырдың бес қаруы» тақырыбымен қару-жарақ көрмесі көрініс тапқан. Тарихтан белгілі, Атырау жерінде Бату, Қасым, Берке, Бердібек, Жәнібек, Тоқтамыс, Мөңке Темір, Тоқтағу сияқты жеті бірдей хан билік құрған. Қасиетті Сарайшықтағы осынша терең тарих театрландырылған қойылым арқылы бір сәтке қайта тірілді», - дейді Ақылбек Рысқалиев.

Конференция қонақтары Сарайшық жерінде сүйегі жатыр деп есептелетін 4 хан мен 3 бидің басына символикалық белгі ретінде орнатылған мазарға бас сұқты.

«Ауыз әдебиетіндегі деректерде, ақын-жыраулардың өлеңдерінде Сарайшықта 9 ханның сүйегі жатқаны туралы айтылады. Бізге солардың жетеуі белгілі. Қалған екеуін тауып, табылған 7 ханның деректерін бекіту үшін әлі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет», - дейді тарих ғалымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар.

Еске салсақ, кешеден бері Атырау облысында «Ұлық ұлыс – Алты Орда» атты халықаралық конференция өтіп жатыр.

Конференцияның пленарлық отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.

«Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек», - деп жазылған құттықтау хатта.


















































Up