Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысында жасөспірім жаппай төбелес туралы жалған хабар берген

18 September 2021 10:08

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жасөспірім жаппай төбелес туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Жылыой ауданында тұратын жасөспірімнің полицияға жалған хабар бергені анықталған.

Аудандық полиция бөлімінің «102» операторына белгісіз адам қоңырау шалып, Құлсары қаласының 3-шағынауданындағы балалардың ойын алаңында жаппай төбелес болып жатқанын хабарлаған.

Ювеналды полиция инспекторлары айтылған мекенжайға жедел жетіп, ешқандай төбелестің болмағанын анықтады.

«Ал, жалған хабар берген кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 438-бабына сәйкес, полицияны көрінеу жалған шақырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мектепке «бомба қойған» жігіт қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.


Up