Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысында әуесқой балықшылар жыланға ұқсас балық ұстады

3 December 2021 14:17

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әуесқой балықшылар жыланға ұқсас балықты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балықшылар Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінен ескі етікті тауып алған. Етіктен жыланға ұқсас балық шыққан.

«Бұрын мұндай балықты кездестірген жоқ едік. Денесінде өзге балықтарға тән қабыршақ жоқ. Бірақ, шырышты болады екен. Бір қарағанда, жыланға ұқсайтын тәрізді. Сол себептен, бастапқыда мұны жылан деп ойладық. Бірақ, кейіннен жойылып бара жатқан балықтың түрі екенін білдік. Мұндай балық «Қызыл кітапқа» енгізілген. Ғаламтордағы ақпаратқа қарағанда, балықтың бұл түрі Ресей мен Финляндияның, Латвия мен Швецияның, Эстонияның су айдындарында кездеседі» - дейді тәжірибелі балықшы Дмитрий Соколинский.

Оның айтуынша, жыланға ұқсайтын балықтың ұзындығы 10-100 см аралығында болуы мүмкін. Адамға ешқандай қауіп төндірмейді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда иесіз жүрген жылқы дәмхана әйнегін сындыруға шақ қалғанын жазған болатынбыз.


Up