Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырау облысы әкімінің орынбасары бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінді

18 October 2021 22:40

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысы әкімінің орынбасары бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына қарағанда, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған.

«Облыс әкімінің орынбасары 83,7 млн теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияны «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілініп отыр. Қайрат Нұрлыбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде (аталған лауазымға ол 2019 жылғы 5 маусымда тағайындалған), яғни 2019 жылдың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында инвестициялық субсидия келісімшартын жасаған және инвестициялық субсидияны төлеген. Бүгінгі күнге дейін «Бұйырғын» кооперативі 83,7 млн теңге көлеміндегі борышты толықтай орнына келтірді» деп ақпарат таратты әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қайрат Нұрлыбаев облыс әкімінің орынбасары лауазымына биылғы қаңтарда тағайындалған еді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында білім басқармасының экс-шенеунігі сотталғанын хабарлаған едік.


Up