Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының жылдық қуаты 2 есе ұлғаяды

20 May 2022 16:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының жылдық қуаты 12 млн тоннаға жеткізіледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалының зақымданған сәттен бастап Ресей тарапымен және жобаның өзге де қатысушылармен бірлесе отырып, КҚК-ның өткізу қабілетін қалпына келтіру үшін барлық мүмкін іс-шаралар қабылданды. Бүлінген жерді жөндеу кезеңінде балама іс-шара ретінде мұнай экспортын балама бағдарлармен қайта бағыттау қолға алынды. 2022 жылдың сәуірінде КҚК-дан балама бағдарлар арқылы мұнай өңдеу зауыттарына қайтадан бағытталған мұнайдың жалпы көлемі 561 мың тоннаны құрады», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.

Оның атап өтуінше, құбырдың зақымдану себебін анықтауға бағытталған тергеу аяқталған соң алдағы уақытта мұндай оқиғаның орын алуына жол бермеу шаралары қабылданады.

Сонымен қатар ол қолданыстағы бағдарлалар арқылы тасымал көлемін арттыруға бағытталған іс-шараларға тоқталды.

Атап айтқанда, қолданыстағы «Атырау-Самара» мұнай құбырының қуаты 17 млн тоннаға жеткізіледі.

Ал «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының қазіргі қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға жеткізіп, өнімді Қытайға экспорттау мүмкіншілігі қарастырылып отыр.

Сондай-ақ Ақтау мен Құрық теңіз порттары арқылы Бау портына дейін мұнай тасымалдау балама нұсқасы да пысықталып жатыр.

Мұнан бөлек, тауарлық мұнайды тасымалдауға арналған темір жол цистерналарының санын 1,5 мыңнан 3,5 мыңға дейін жеткізу жоспарланған.

«Ал газ экспортын жүзеге асыру бөлігінде проблема жоқ. Негізгі бағдар «Қазақстан-Қытай» магистралды газ құбыры арқылы Қытай бағытында кетіп жатыр», - деді Үкімет басшысы.


Up