Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Астана әкімдігі шығармашылық үйірмелерге қосымша 6 млрд теңге сұрап отыр

18 May 2022 18:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында шығармашылық үйірме ұсынушы ұйым жұмыстан шығып кеткен маманның деректерін пайдаланып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында айтты.

«Қала әкімдігі мемлекеттік спорттық-шығармашылық тапсырыстардың орындалуын ұйымдастырады. 2021 жылы әкімдік мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орындауға 613,6 млн теңге бөліп, 10 390 бала қамтылды. Бүгінгі таңда астанада 537 шығармашылық мектеп 45 бағыт бойынша жұмыс істеп тұр. Берілген ваучердің жалпы саны – 40 325. Бір бала спорт, шығармашылық және қосымша білім үйірмесінің ішінен екі ваучер таңдай алады», - деді Санат Шапашов.

Айтуынша, қазіргі таңда мәдениет басқармасының алдында шешімін таппаған бірқатар мәселе бар.

«Оның ішінде ваучер үйлестіретін электронды порталдың жұмысының кемшілігі де бар. 2022 жылға 2 млрд теңге бөлген кезде электронды порталдың әзірлеушісіне бюджет мүмкіндіктеріне орай 20 мың ваучер ғана беру жоспарланып отырғаны жазбаша хабарланған болатын. Бірақ әзірлеуші 40 мың ваучер берілгеннен кейін ғана өтінім қабылдауды тоқтатты. Яғни, осы 40 мың баланы үйірмемен қамту үшін жыл аяғына дейін 6 млрд теңгедей ақша керек деп топшылап отырмыз. Оған қоса порталдың жұмысына қатысты проблема туындап тұр. Ваучерлерге бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау мүмкін емес. Біріншіден, келісімшарт болмағандықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бар. Екіншіден, үйірмеге қатысушы «өлі жандарға» ақша төлеу қатері бар. Бұған дейін өзге өңірлерде осындай мәселе туындаған болатын. Үшіншіден, үйірмелерге біліктілігі төмен мамандардың тартылу қаупі бар. Мысалы, Адақ есімді азаматшадан үйірме ұсынушы ұйымнан кетіп қалғанына қарамастан жеке деректерінің әлі порталда жүргені туралы шағым түсті. Төртіншіден, элетрондық цифрлық қолтаңбасы ждоқ құжаттар бойынша ақша төлеу тәжірибесі бар», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, астана әкімдігі спорт үйірмелеріне 1 млрд теңге қарыз.


Up