Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жұмыс берушісінің малын сатып келген Алматы облысының тұрғыны қамауға алынды

30 November 2021 05:16

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қожалық иесінің малын бірнеше рет ұрлаған 28 жастағы күдіктінің ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылының 28 жастағы тұрғынына қатысты бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру және мал ұрлығы бойынша іс айыптау актісімен сотқа жолдады.

Сотқа дейінгі тергеу барысында Б. есімді азаматтың шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеп жүріп, 2019 жылдың 30 желтоқсанында түнгі уақытта С. есімді азаматтың құны 418 194 теңге болатын жылқы малын ұрлап, оны досына 400 000 теңгеге сатқаны анықталды. Түскен ақшаны өз қажетілігіне жұмсаған. Жылқы тәркіленіп, жәбірленушіге қайтарылған болатын.





Алайда ол 2021 жылдың шілдесінде жалпы сомасы 189 642 теңге болатын тағы екі бас бұзауды ұрлап кеткен. Бұл оқиғалардан соң жұмыстан босатылған айыпталушы тағы бір мәрте мал ұрлығын жасауға ниеттенген. Жүк көлігін жалдап, оның жүргізушісіне өзінің малын алып жатқанын жеткізіп, бұрынғы жұмыс берушісінің 2 сиырын тиеп алып кеткен. Оларды Талғар ауданы Гүлдала кентінде орналасқан мал базарына апарып, досына 400 000 теңгеге сатқан. Екі жануар да алынып, заңды иесіне қайтарылды.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті ағымдағы жылдың 20 қазанында қамауға алынды. Оның іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасы және 189-бабы 1-бөлігі бойынша сараланды. Жоғарыда көрсетілген баптардың санкцияларына сәйкес сот кінәсін мойындаған жағдайда сотталушыға тиісті жаза шарасын тағайындайтын болады», - дейді Жамбыл аудандық полиция басқармасының тергеушісі Азамат Нұрсұлтан.





Up