Weather
Astana -17 °С
Almaty -4 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем көліктері екі есе артты

22 September 2020 11:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа көліктер елорда тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды.

«Медициналық жедел жәрдем станциясы мен полиция департаментіне 114 көлік сатып алынды. Оның 65-і полицейлерге, 14-і жедел жәрдем қызметіне берілді.
Ал жыл соңына дейін станцияның медқызметкерлеріне тағы 35 автокөлік беріледі. Бұған дейін 50-ден астам реанимобильдер алып бергенбіз. Осылайша жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі жылға жетпей екі жарым есе ұлғайды. (Өткен жылы желтоқсанда автопаркте 64 машина болса, қазір енді 165 болды)» деп жазады шаһар басшысы.





Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық жедел жәрдем, полиция департаменті, коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік және басқа автопарктерді жаңартып, толықтырып отыруға барынша көңіл бөлініп отыр.

«Мәселен, тұрғындар бірінші кезекте жедел жәрдем қызметіне хабарласады, олардың әрбір минуты қымбат. Медицина қызметкерлері міне, бірнеше айдың жүзі болды коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр. Әрбір жанның өмірі үшін жанын салып, жұмыс істеп келеді. Жаңа реанимобильдерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жасанды тыныс алу аппараты, ингаляциялық оттегі жүйесінің жинағы; монитор-дефибриллятор; электросорғыштар; артериялық қысым, қызу, тыныс алу жиілігін өлшейтін функциясы бар реанимациялық-анестезиологиялық монитор сынды барлық қажетті жабдық бар. Маусымдық аурулар мен Covid-19 вирусын жұқтыру қаупін ескерсек, бұл автокөліктер біздің тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Індеттің өршіген тұсында жедел жәрдем қызметіне күніне 3 мыңнан астам шақырту түсіп отырды. Автопарк машиналарының 2,5 есе артқаны жедел көмек көрсетумен қатар медицина қызметкерлерінің де жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Медицина мамандарын резидентурада оқытуға жарты миллиард теңге бөлінді, яғни бұл 300-дей грант» деп атап өтті Алтай Көлгінов.





Әкімнің сөзіне сенсек, полиция қызметінің де автопаркі 65 машинамен толыққан. ТЖ режимі кезінде полиция департаменті қызметкерлері екі ай бойы блокпоста тәулік бойы кезекшілікте болды, күндіз де, түнде де тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп келеді.

«Барлығы да тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр», – деп жазады қала басшысы.

Әкімдік тарапынан сатып алынған автокөліктерді «Астана Моторс» компаниясы әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып, мерзімінен бұрын жеткізіп берген.











Up