Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алтайдағы шопандар туристерді қой бағуға шақырды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

17 October 2021 12:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Алтайдағы шопандар туристерді қой бағуға шақырды - «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты




Қытайдың Алтай аймағының Бурылтоғай ауданында «Алтайда менің қойым бар» атты туристерді Алтай жеріне келіп «қой бағуға» шақырған ерекше жобаның тұсаукесер рәсімі өтті, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, бұл ерекше жоба Бурылтоғай ауданында көктем мен күз айларында ұйымдастырылып, туристер үшін «Отбасылық ферма» дайындап береді. Осы бағдарламаның жоспары бойынша қызығушылық танытқан адамдар қозы сатып алып, оны жергілікті шопандардың көмегімен «онлайын бағып» өсіріп, бақылап отырады. Тіптен олар Алтайдың тамаша табиғатына демалуға келіп, қойларын өздері бағып, жаюына, қойшылар өмірін бастан кешіріп көруіне де мүмкіндік бар. Бұл ерекше бастаманы мәдени құндылықтарды насихаттап жүрген Шынжаңдағы белгілі компания ұсынған. Ал осы іске атсалысып жатқан шопандар Бурылтоғай ауданының Шыбарой ауылының тұрғындары. Қандастарымыз мекен еткен бұл ауылда 10 мың бас қой бар. Жергілікті билік осы жоба арқылы аймаққа туристерді тартып, ауыл тұрғындарының кірісін арттырмақ.




Көшпенділер ойындары биыл Түркияда өтеді - TRT




Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ- тың жазуынша, I-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстан үкіметінің ұсынысымен Түркі Кеңесінің екінші саммиті аясында өткізілген. Бұл ойын тек түркітектес халықтар үшін ғана емес, әлемнің барлық көшпелі халықтарының рухани санасы мен тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған.

«Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының қолдауымен өткізілетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны осы күнге дейін 3 рет Қырғызстанда болып өтті. Біріншісі 2014 жылдың 9-14 қыркүйек күндері арасында Ыстықкөл аймағында өтті. Жарысқа 19 елден спортшылар қатысты. Екіншісі 2016 жылдың 3-8 қыркүйек күндері арасында «Күш бірлігі» деген ұранмен өтті. Бұл жолғы ойындарда 53 елден келген спортшылар бағын сынады. 2018 жылы өткен үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 82 елден келген 2000 мыңға жуық спортшы қатысты. Төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Түркияда ұйымдастыру туралы шешім қабылданған болатын, алайда коронавирустың өршуіне байланысты ойындар кейінге қалдырылды. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылуы жоспарланып отыр», - деп жазады TRT.

ҚР Президенті Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмөнхийн Батцэцэгті қабылдады - KAZNEWS




Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмөнхийн Батцэцэгті қабылдады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарқынды дамып келе жатқан қазақ-моңғол қарым-қатынастарына тоқталды.

«Моңғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Сіздің мемлекетіңізге деген құрметіміз ерекше. Сіздер біздің халықаралық бастамаларымызға түсіністік танытып, үнемі қолдау көрсетесіздер. Сондай-ақ халықаралық алаңдарда бірге белсенді жұмыс істеп келеміз. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сауда-экономикалық ықпалдастыққа қатысты. Біз көлік логистикасы саласын пысықтай түсуіміз керек», – деді ҚР Президенті.




Мемлекет басшысы қалыптасқан екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша пайдалануға шақырды.

«Осы сәтті пайдалана отырып, этникалық қазақтарға көрсетіліп отырған құрметі пен қамқорлығы үшін Сіздің елдің басшылығына және моңғол халқына ризашылығымды білдіремін. Моңғолия қазақтарының тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп үміттенемін. Бұл – Сіздің мемлекетіңіз жүргізіп отырған ұлттық саясаттың нәтижесі. Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті Қазақстан Республикасына ресми сапармен келуге шақыратынын айтты. Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы аталған ресми сапар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санайды.


Қазақстан Елшісі Жызақ облысына жұмыс сапарымен барды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




2021 жылдың 9-10 қазан күндері Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Сатыбалды жұмыс сапарымен Жызақ облысында болды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Сапар барысында Д.Сатыбалды Земин ауданындағы «Дуоба» азаматтарының ауылдық жиыны тұрғындары үшін жасалған жағдай, сондай-ақ ауылдық дәрігерлік пункт пен тігін шеберханасының қызметімен танысты. Елші сонымен қатар облыс орталығында орналасқан жаңа IT –паркпен танысты. Сондай ақ, Елші «Абат Махалла» бағдарламасына сәйкес, мемлекеттің әлеуметтік және өндірістік, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымды дамытып, жастарды жұмыспен қамту бойынша жүргізіп отырған жұмыстарымен де танысты. Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Д.Сатыбалды облыстағы №29 қайрымдылық үйінде болып, орталық директорына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өзбек тіліне аударылған Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабын табыс етті», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.





Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасында әскери жаттығу өткізеді - Фарс




«AVA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер 22-23 қазанда Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында екі күндік әскери жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жаттығуға CSTO-ға мүше Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Армения және Беларусь елдерінің күштері қатысады. Тәжікстан Ауғанстанмен ең ұзақ шекараға ие», - деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Термізде Өзбекстан – Ауғанстан келіссөздер жүргізуде - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




16 қазанда Ауғанстан уақытша үкіметі басшысының орынбасары міндетін атқарушы Абдул Салам Ханафи бастаған делегация Термізге келді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Кездесуде Өзбекстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары - Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков басқаруда. Бұл келіссөздер Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың 2021 жылдың 7 қазанында Ауғанстанға жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында өтеді», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.



Up