Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматылықтарды 30 млн теңгеге алдаған алаяқ қамауға алынды

28 October 2021 17:28

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтарды 30 миллион теңгеге алдап кеткен алаяқ қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмалы ауданының полиция қызметкерлері 39 жастағы азамат П.-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Ер адам Алматының бірнеше тұрғынын алдады деген күдікке ілінді. Оның әрекетінен келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 30 миллион теңге. Алданған азаматтар күдіктінің заңсыз әрекеттерін өз арыздарында көрсеткен. Арызданушылардың бірінің сөзіне сәйкес, ол азамат П.-мен интернетте танысқан. Жаңа танысы БАӘ немесе Еуропадан нарықтан төмен бағаға көлік алуға көмектесуді ұсынған. Күдіктіге 30 мың доллар көлемінде ақша аударылғаннан кейін ол байланысқа шығуын тоқтатқан», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Күдікті қамауға алынды. Оның осыған ұқсас бірнеше іске қатысы бар екені анықталды – ол кепілге қойылған пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік беремін деген желеумен жергілікті тұрғындардың ақшасын жымқырған. Ал өзін екінші деңгейлі банктердің бірінің тарату комиссиясының мүшесі ретінде таныстырған.

«Тағы бір эпизодта азамат П. қылмыстық істі тоқтатуға көмектесуге уәде берген. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Осы адамның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен азаматтар мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларына болады: 8-708-707-9202; 8-705-555-7763; 8-775-719-2727», - деді полициядан.


Up