Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыдағы оқушылар төбелесі: Жарақат алған 2 баланың біреуінің жағдайы ауыр

28 October 2021 17:25

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда оқушылар төбелесіп, екеуі пышақ жарақатын алды. Олар ауруханада жатыр. Біреуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушылар пышақ жарақатымен №2 қалалық балалар ауруханасына 27 қазан күні түсті.

«Кеше пышақ жарақатымен кәмелет жасқа толмаған екі жасөспірім №2 қалалық балалар ауруханасына түсті. Жақын туыстарының айтуынша, балалар қатарластарымен болған төбелес кезінде жарақат алды. Біріншісінің жағдайы ауыр, тұрақсыз, іштің алдыңғы бүйір қабырғасы мен сол жақ бүйрегі зардап шеккен, екінші науқастың іш құрылысына зақым келген, жағдайы бірқалыпты, бөлімшеге ауыстырылды»,- деп хабарлады басқармадан.

Бұған дейін Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. «ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Анықталғандай, жасөспірімдер арасында жанжал шығып, салдарынан екеуі пышақ жарақатын алды. Күдікті анықталып, қамауға алынды. Сараптама тағайындалды. Тергеу жалғасуда», -деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі. Оқиға Алатау ауданына қарасты «Ақкент» шағынауданында болды.


Up