Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда жекеменшік балабақшалар мемлекет меншігіне қайтарылады

2 December 2021 22:10

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда орын тапшылығын шешу үшін жекеменшік балабақшалар мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматыда мектепке дейінгі мекемелерге қажеттілік бар.

Сондықтан, жаңаларын салумен қатар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің ғимараттарын қала меншігіне қайтару жүргізілуде.

«Бұл ғимараттарды жалға беру мерзімі аяқталғаннан кейін әкімдік жеке кәсіпкерлермен шарттарды ұзартпайды. Кейіннен осы объектілерде мемлекеттік балабақшалар ашылатын болады. Айта кетсек, қазіргі уақытта көптеген нысандар қанағаттанарлықсыз жағдайда, жобалық қуаттылықты арттыру және сейсмикалық күшейту арқылы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Орын санын 1200-ден 1800-ге дейін арттыру көзделіп отыр», - деді Ілияс Өсеров.

Сондай-ақ, әкім орынбасарының айтуынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес Алматы бойынша үш балалар музыкалық мектебін - №1 (хор), Прокофьев атындағы №3 және №11 жеке секторға беру жоспарланған.

Алайда, балаларды мектептен тыс тегін, оның ішінде музыкалық біліммен барынша қамтуға байланысты бұл мектептер жекешелендірілетіндер тізімінен шығарылды.

Бұл ретте жекешелендірілетін объектілер тізбесінен үш стратегиялық кәсіпорынды – «Алматыэлектротранс» ЖШС, «ЭкоАлматы» ЖШС және ШЖҚ «Алматы тазалық» МКК алып тастау жұмысы жүріп жатыр.

«Сонымен қатар, Алматы темір жол ауруханасының медициналық қызмет бейінін одан әрі сақтай отырып, мемлекеттік меншікте сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2018 жылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті бұл аурухананы осы компанияға үш жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берді. 2021 жылы сенімгерлік басқару шартымен бірге бұл нысан коммуналдық меншікке қабылданды. Қазіргі кезде сенімгерлік басқару мерзімі аяқталды»,- дейді ол.


Up