Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда шектеу шаралары міндетті түрде қабылданады - Сағынтаев

25 June 2021 14:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада коронавирустың үнді штамының тіркелуімен шектеу шаралары күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Локдаун бола қоймайтын шығар. Бірақ шектеу шаралары міндетті түрде қабылданады. Қалалық департамент қазір қаулы жобасын дайындап жатыр. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет комитетінің шешімін күтіп отырмыз. Комитеттің қаулысы шыққаннан кейін қалалық департаменттің қаулысы да жарияланады. Індет жылдам тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан бәрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Бұл жерде бірінші кезекте вакциналауды күшейту керек. Басқа амалы жоқ. Алматылықтарды, бүкіл қазақстандықтарды екпені белсенді алуға шақырамыз», - деді Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұған дейін Б.Сағынтаев қала жақын күндері қайтадан «қызыл» аймаққа өтуі мүмкін екенін айтқан болатын.

«Жоспарлы түрде қабылданатын науқастарды қабылдау қазір тоқтатылды. Бір апта бойында бақылаймыз. Егер осылай жалғаса беретін болса, онда біздің жобамыз бойынша қазір «сары» аймақта тұрсақ, қызыл аймаққа өту қаупіміз бар. Үндістандық штамм соған алып келе жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.


Up