Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда салмағы 6 келіден асатын алып қыз дүниеге келді

17 May 2022 19:46

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында салмағы 6 келіден асатын қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нәресте №2 қалалық перзентханасында өмірге келді. Перзентхана қызметкерлері салмағы ауыр баланың дүниеге келетінін болжап, алдын ала дайындалды.

Алайда оның салмағы 6 келі 20 грамм болады деп ойлаған жоқ.

«Біз баланың салмағы 6 келіден асады деп күткен жоқпыз. Жүктілік кезінде жасалған ультрадыбыстық зерттеу сәбидің төрт килограмнан асатынын көрсеткен. Алайда, ол әдіс арқылы нақты массаны анықтау мүмкін емес. Бала кесарь тілігімен емес, табиғи жолмен дүниеге келді»,- деді перзентхананың неонатология бөлімінің меңгерушісі Диляра Сыртланова.

Екінші баласын өмірге әкелген 23 жастағы ананың жағдайы қазір жақсы. Ана мен бала 29 күн дәрігерлер мен медбикелердің бақылауында болды.

«Мұндай жағдай біздің перзентханада ғана емес, қалада да сирек кездеседі. Қазіргі уақытта ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайы бірқалыпты, оларды үйге шығардық»,- деп атап өтті дәрігер.

Өз кезегінде баланың анасы аурухана қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Перзентхананың бүкіл ұжымына, дәрігерлерден бастап санитарларға дейін алғыс айтқым келеді. Олардың кәсіпқойлығы, зейінділігі мен адамгершілігі арқасында баламды аман-сау өмірге әкелдім», - дейді Инабат Қостанбай.


Up