Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда қайғылы оқиғалар кезінде қай ауданға ең көп зақым келді

17 January 2022 14:33

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар айындағы оқиғалар барысында Алмалы ауданына ең көп зақым келген. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қала әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алмалы ауданында 7 азық-түлік дүкені, 284 азық-түлік емес дүкені, 2 қару-жарақ дүкені, 15 қоғамдық тамақтану нысаны, 35 ломбард, 5 жанар-жағар май құю станциясы, 25 қаржы ұйымы, 29 ірі бизнес нысаны және т.б. зақымданған. Ауданның жалпы шығыны 20,4 млрд теңгені құрады», - деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Әуезов және Бостандық аудандарының да шығыны үлкен.

Мысалы, Әуезов ауданында 153 дүкен, оның ішінде 1 қару-жарақ, 9 қоғамдық тамақтану орны, 21 ЖҚС, 11 ломбард және 10 ірі бизнес нысаны қирады. Жалпы шығын 20,1 млрд теңгеге бағаланды.

Ал Бостандық ауданындағы нысандар 17,3 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

Ілияс Өсеровтың айтуынша, ең аз шығын - Наурызбай ауданында. Онда шығын көлемі 72,5 млн теңгені көрсетті.

Қала әкімінің орынбасары зардап шеккен нысандар бойынша дерек жинау жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті.

«Белгілі болғандай, қазіргі уақытта Үкімет залалды бағалау және өтеу тетігін әзірлеп жатыр. Бұл құжатта өтеу сомасын анықтау әдістемесі, комиссиялар мен бағалаушылардың жұмыс тәртібі, сондай-ақ, басқа да рәсімдер регламенттеледі», - деді Ілияс Өсеров.

Айта кетейік, өтінімді infokazakhstan.kz сайтында беруге болады (әкімшісі «Атамекен» ҰКП, сайт техникалық дайын).

Өтінімге кәсіпкерлер тетікте көрсетілетін құжаттар пакетін, оның ішінде залал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы хабарламаны қоса беруі керек.

Есеп залалдың 3 санаты бойынша жүргізіледі: жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік және жабдықтар, тауарлар.

Бұдан әрі өтінімдерді аудандық комиссия қарайды.

Оның құрамына мәслихат, әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық бірлестіктер өкілдерін қосу жоспарланған.

Бұдан әрі бүкіл растайтын құжаттар мен бағалау нәтижесінің негізінде комиссия залалды өтеу туралы шешім қабылдайды.


Up