Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматы мәслихатының депутаттары полиция департаментінде болды

23 January 2022 04:40

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы полиция департаментінде болып, көлік тұрағында қалыптасқан жағдаймен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүлік пен лаңкестік әрекет салдарынан 165 қызметтік көлік жарамсыз болған. Оның 53-і өртеніп кеткен, 64-ін қалпына келтіру мүмкін емес.

«Біздің комиссия мүшелері және мәслихат депутаттары бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында жанкештілік танытып, қаза болған ержүрек батырлардың жақындарына қайғыра көңіл айтады. Әр адамның өмірі маңызды, сондықтан бейбіт және тәуелсіз Қазақстанды сақтау бәріміз үшін өте маңызды. Құқық бұзушылардан келген шығынды бағамдап, полицейлердің жұмысын талқылау үшін Алматы қалалық полиция департаментіне де бардық. Соңғы оқиғаларды ескере отырып, қала басшылығы мен полиция қызметкерлері тонау, қарақшылық шабуыл, бұзақылық және лаңкестік әрекеттер сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға көбірек көңіл бөлетін болады»,- дейді қалалық мәслихаттың жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері.

Еске салайық, 6 қаңтарға қараған түні лаңкестер Алматы қалалық полиция департаментінің ғимаратына 27 рет шабуыл жасады.

Үш әкімшілік ғимарат төрт жақтан көптеген шабуылға ұшырады.

Лаңкестер басып кіру үшін атыс қаруын, граната, Молотов коктейльдерін, тастар мен ауыр техниканы пайдаланды. Қазіргі уақытта келген шығын есептеліп жатыр.

Бұрын хабарланғандай, бес фронт-офис, сондай-ақ Алмалы аудандық полиция басқармасы мен полиция департаментінің ғимараттары зақымданған.

19 модульдік және 13 экологиялық полиция посты зақымданды және өртенді.


Up