Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақтөбеде бүкіл полиция бөлімінде фронт кеңсе жұмыс істеп тұр

28 January 2022 02:56

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны шамамен 20% төмендеді. Қазіргі кезде құқық қорғаушылармен кездесіп, оларға арыз-шағым беру үшін барлық полиция бөлімінде фронт кеңсе жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» телеарнасының «Ой түрткі» бағдарламасында «Полицияға құрмет – елге міндет» тақырыбы талқыланды.

Онда Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының міндетін Қанат Әлиев қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 25 полиция қызметкері, оның ішінде үш әскери түрлі дене жарақатын алғанын айтты.

Қазіргі кезде ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 14 іс қозғалды.

Ведомствоаралық тергеу тобы да құрылып, арнайы прокурор басқарды.

«Қазіргі кезде 19 адам күдікті ретінде танылды. Оның екеуі үйқамақта болса, өзгесі тергеу сотының шешімімен уақытша тергеу изоляторында отыр. Біз қызметке келгенде халық үшін, ел үшін қызмет атқарамыз деп ант бердік. Тыныштықты, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау міндетіміз, парызымыз. Ал ұсталған күдіктілерге қатысты айтар болсам, Қылмыстық-процесуалдық кодекске сәйкес бәріне адвокат тағайындалды. Қорғаушылардың, процестік прокурорлардың қатысуымен тергеу кезінде фото, бейнетаспаға түсірілді. Күдіктілерге сол күні сот-медициналық сараптама тағайындалады»,-деді облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы Әсет Қалиев.

Тергеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр тергеу бөлмесіне бейнебақылау камерасы қойылды.

Және барлық материал орталыққа бірден жіберіледі.

«Кейбір адамдар учаскелік полицияны танымаймыз, көрмейміз дейді. Егер адам ешқандай құқық бұзбаса, түзу жолмен жүрсе полицияға мұқтаждық жоқ. Ал егер көмек қажет болса, онда кез келген уақытта табыламыз. Былтырдан бастап учаскелік полиция инспекторлары бейнехабарлама таратты. Олардың фотолары мен байланыс нөмірлері ілінді. Әлеуметтік желілерде парақша ашылды. Әр бөлімшеде фронд-кеңсе жұмыс істеп тұр»,- деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев.

Бағдарламада облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері де өз ойын білдірді.

«Қиын кезде полициядан көмек сұрайтынымыз жасырын емес. Олар да дәрігерлер сияқты пандемияда алғы шепте болды. Құқық қорғаушылар қайырымдылық істерімен де ерекшеленеді. Үнемі мұқтаждарға көмектеседі. «Добро«, «Жас сақшы«, «Zello poisk« тобымен етене тығыз жұмыс істеп, үлкен нәтижеге қол жеткізіп келеді. Және бұл байланыс әрі қарай жалғасады деп ойлаймын»,- деді ерікті Нұрбек Жалғаспаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының аумағында ювеналдық полиция инспекторлары күн сайын жергілікті рейд өткізеді.

2021 жыл ішіндегі рейд нәтижесінде ІІО-ға кәмелетке толмаған 5714 бала жеткізілді.

Оның ішінде түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болған 88 кәмелетке толмағандар бар.

Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 216 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды.

662 жасөспірім және 481 қолайсыз отбасы ІІО есебіне қойылды.

Былтырғы 12 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 19,8% төмендегені байқалды.


Up