Weather
Astana -13 °С
Almaty 0 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Аида Балаева: Кез келген жұмыстың жемісті болуы ғылыми негіз бен жанашыр маманға байланысты

29 October 2020 18:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кез келген жұмыстың жемісті болуы терең ғылыми негіз бен сол бастамаға шын жанашыр маманға байланысты. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген жұмыстың жемісті болуы терең ғылыми негіз бен сол бастамаға шын жанашыр маманға байланысты. Сондықтан, бұл мәселелерге үлкен көңіл бөлінеді. Осыған орай, министрлік жанынан арнайы Қоғамдық даму институтының қызметі жолға қойылды. Оған бағдарламаға ғылыми-сараптамалық жетекшілік ету міндетімен қатар, өңірлік кеңселердегі мамандарға әдістемелік-методологиялық көмек көрсету жұмысы жүктелген», - деді Аида Балаева.

Министрдің атап өтуінше, осы жылдың өзінде институт күшімен 26 ғылыми іс-шара, 30 әлеуметтік зерттеу, 5 сараптамалық баяндама дайындалып, жауапты мемлекеттік органдарға ұсынылды. Өлкелерде 13 практикалық семинарлар мен 30-дан астам вебинарлар өткізіліп, «Рухани жаңғырумен» айналысатын 500 маман білімін шыңдады.

«Ең бастысы – Елбасы атап көрсеткен рухани жаңғырудың негізгі құндылықтары түсіндіріліп, көптеген іс-шаралардың тұжырымдамасы өзгерді», - деді ол.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады. Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады. Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.


Up