Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ағзасынан тұмаудың да, коронавирустың да оң нәтижесі анықталған адамдар бар – Айнагүл Қуатбаева

24 January 2022 19:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалы «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» директоры Айнагүл Қуатбаева ҚазАқапарт оқырмандарына коронавирустың «омикрон» штамымен ауырмаудың және күресудің жолдары туралы кеңес берді.

Білікті маман әлеуметтік желіде жиі қойылып жүрген түсініксіз сұрақтарға жауап берді.

- «Омикрон» жұқтырдым-ау деген күдік пайда болса, ең бірінші не істеу керек? ПТР-тест тапсыру міндетті ме? Міндетті болмаса, кәдімгі тұмаудан қалай ажырату керек ?

- Бұл тұрғыда біздегі денсаулық сақтау жүйесінде науқастарға үйге дәрігер шақыру принципі сақталған. Яғни, үй жағдайында дәрігерлерге хабарлап, өзінің жағдайы туралы мәліметті беру керек. Сонымен қатар, үй жағдайында кіммен қарым-қатынаста болса, солардың бәрін жіпке тізіп беруі шарт. Себебі «омикрон» штамының тез таралуына байланысты, жұқтыру қасиетінің өте жоғары болуына байланысты соңғы 5-7 күннің ішінде қарым-қатынаста болған адамдардың басым көпшілігі «омикрон» штамын жұқтырған болуы мүмкін. Оның ішінде, әрине, бұрын вакцина алған, толыққанды алған және ревакцинациясы бар адамдарға жұқпауы мүмкін. Ауыруды өткергеніне 3 ай болмаған азаматтарда да вирус жұқтыру ықтималдығы вакцина алмаған, ауырып көрмеген адамдарға қарағанда төменірек болады.

- Тұмауды «омикрон» екен деп қабылдап, соған сай ем жасау қаншалықты қауіпті ? Екеуін емдеудің тәсілдері бірдей деп айта аламыз ба ?

- Біз тұмау бойынша эпиедмиологиялық маусымды күз айларынан көктем айларының соңына дейінгі аралықпен есептейміз. Тұмаудың 2020-2021 жылғы эпидемиологиялық маусымы кезінде коронавирус жіті респираторлық вирустардың қоздырғыштарына қатар тексерген кезде тұмаудың вирусы айналымда өте аз болғанын көргенбіз. Тек біздің мемлекет қана емес, жер шарында сондай құбылыс байқалған. Адамдардың сол кезде бір мезетте өте көп ауруына байланысты, бәлкім табиғаттағы қоздырғыштар ортасындағы өз заңдылықтарына байланысты да шығар, кейбір вирустар басым болған сайын басқа бір вирустардың циркуляциясы тежеледі. Оны пандемияның алғашқы жылындағы эпидемиологиялық маусымда көрдік. Жазда коронавирустың таралуы мен салдары қатты болды да, адамдар тұмаудың 2020 жылғы күздегі эпидемиологиялық маусымына асқан дайындықпен келді. Жаппай маска тағып, қолымызды қайта-қайта антисептикпен тазалап, тіпті қолғап киіп, вирус тұмаумен қатар тимеуі үшін барынша сақ жүрдік. Сол мезетте көптеген мемлекеттер сияқты бізде де тұмау вирусының айналымы өте сирек болды. Ал 2021 жылдың күзінен бастап тұмаудың да, оның ішінде «H3N2» деген вирустың айналымда өте белсенді екенін көріп отырмыз. Жіті респираторлық жұқтырғыштардың қоздырғыштары тұмаумен қосқанда 200-ден астам түрге бөлінеді. Коронавирустың жеңіл өтетін түрімен салыстырсақ, олардың да клиникалық көріністері өте ұқсас. Яғни, денеде аздап делсалдық болуы мүмкін, бас ауруы мүмкін. Шаршағыштық пайда болып, кейбір адамдардың тәбеті бұзылуы ықтимал. Кейбір адамдардың денедегі делсалдығы ұзаққа созылмай, тез арада айығып кетеді. Бұл – жете респираторлық жұқпаларға тән клиникалық белгілер. Осыған байланысты «өздігінен өтіп кететін тұмауымыз» ғой деп коронавирусқа атүсті қарауға болмайды дегенді айтқымыз келіп отыр. Себебі коронавирусты бұрын ауырмаған адамдар жұқтыруы мүмкін. Қазір екінші рет немесе үшінші рет ауырған, бірақ әсіресе жүрек-қан тамырлар жүйесінде, иммунитет жүйесінде, эндокриндік жүйеде созылмалы аурулары бар, қант диабетіне шалдыққан адамдарға өте ауыр тиюі мүмкін. Жүкті әйелдерге, бала емізіп жүрген аналарға, жас балаларға ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен, «омикронның» айналымда жүргеніне бірталай уақыт болды ғой. Көптеген мемлекеттердегі клиницистердің, инфекционистер мен эпидемиологтардың мәліметтеріне қарап, зерттеп көрсек, шынымен-ақ осының алдындағы «дельта» штамына қарағанда мұның инкубациялық немесе жасырын кезеңі өте қысқа. 5-7 күнге дейін қысқарған. Клиникалық белгілері негізінен жеңіл түрде өтіп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты жіті респираторлық вирустармен, тұмаумен шатастыру ықтималдығы өте жоғары. Бірақ тұмау кезінде коронавирус вирусының бұған дейінгі штамдары сияқты дене қызуы өте жоғары көтеріледі. Оны да білуіміз керек. Сонымен қатар, тұмау да, омикрон «штамы» да тез тарайды.

Бізде зертханалық деңгейде бір адамнан бір уақытта тұмаудың да, коронавирустың да оң нәтижесі анықталған кездер болып жатыр. Бірен-саран, бірақ тіркеліп жатыр. Ондай науқастардың жағдайы, әрине, ауырлау өтеді. Дегенмен өлім-жітіммен аяқталған жағдай болған жоқ. Оның бәрін зерттеп, біліп отырмыз.

Осы тұста айтатынымыз, халық ең бірінші нені білу керек? Қолының астында медициналық көмек пен кеңес сұрайтын адамдардың телефон нөмірлері дайын тұруы керек. Өзінің учаскелік дәрігерлерімен хабарласып отыру қажет. Үй жағдайында оңды-солды вирусқа қарсы препараттарды, оның ішінде құрамында ацетил қышқылы бар препараттарды, әсіресе жүрек-қантамыр жүйесінде белгілі бір аурулары бар, 14,18 жасқа дейінгі жастарға, жүкті әйелдерге дене қызуын түсіру үшін оңды-солды іше беруге болмайды.

Антибиотиктерді де қалай болса солай қолдана беруге болмайды. Себебі оның бәрі пайдасы болмағанымен қатар, зиян келтіруі мүмкін.

- «Омикрон» өршіп тұрған кезде әр үйде қандай препараттар болуы керек?

- Өзім дәрігер болсам да, үйде дәрі ұстағанды жақтырмаймын. Дәрінің қорын жасап, «артық болмайды» деген ниетпен ақша шығындап әкеліп алып, дұрыс сақтамай, кейін керек болмай қалғандықтан босқа тастаудың бәрі басы артық шығын негізі. Дәрігерге, медициналық көмекке жүгіну арқылы, маманның кеңесімен көрсетілген дәріні ғана сатып алуға кеңес беремін. Қысқасы, әрбір науқас дәрігерге қаралу арқылы, дәл сол кездегі денсаулық жағдайына байланысты дәрі қолдану керек.

- «Омикронды» неғұрлым ерте анықтап емдеудің маңызы неде? Кешігіп барып емдесе, салдары қандай болуы мүмкін?

- «Омикрон» немесе «дельта» бола ма, «альфа» немесе «бетта» бола ма, басқа штамдар бола ма, ең бірінші ПТР-cынама тапсырған кезде коронавиурспен ауырғаныңыз туралы «оң» немесе «теріс» нәтиже белгілі болады. Егер оң нәтиже болса, науқастардың бәрінде қандай штамм бар екенін анықтаудың қажеті жоқ. Біздің жағдайымызда әсіресе «омикронды» анықтау өте қымбатқа түседі. 96 сынаманы тексерудің өзіне бірнеше миллион теңге жұмсаймыз. Алматы қаласындағы Ұлттық Тұмау оралығының референттік зертханасы бар. Әр өңірден алынған коронавиурстың оң нәтижелі сынамаларын осы зерттхананың мамандары арнайы қондырғылардың көмегімен «24/7» режимі бойынша зерттейді. Яғни, мамандар әр өңірден сынамаларды іріктеп, ай сайын тексеріп отырады. Бұл науқастардың арасында қандай штамның басым екенін біліп отыру үшін керек. Демек, әр науқасқа индивидуалды диагноз қойып, штамын анықтау мақсат емес. Айналамызда коронавирустың қай түрі басымырақ айналымда жүргенін түсіну қажет. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауларын, халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, каратиндидік немесе оқшаулау уақытын қысқартып отырмыз. Бұрын 14 болса, қазір 7-10 күн болып бекітілді. Жұмысқа шығардың алдында ПТР-тест тапсырып, коронавирустың теріс нәтижесі болған адамдар бұрынғыдай 14 күн емес, 7-10 күн күтеді.

- «Омикрон» штамы жасөспірімдер мен жастардың арасында тез тарап жатқаны туралы көп айтылуда. Ал ағзаға тигізетін зияны бойынша жас айырмашылығына қарай ерекшеліктері бар ма? Егде тартқан адамдарға, орта жастағы адамдарға, балаларға, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар адамдарға қалай әсер етеді ?

- Әрине, жас балалардың ішінде шынымен-ақ динамикасы жоғары екенін көріп отырмыз. Бұрын жалпы науқастар арасында жасы 18-ге толмағандардың үлес салмағы 8-9 пайыз болса, қазір 14-15 пайызға жетіп отыр. Коронавирус қандай мутацияға ұшыраса да, бірінші кезекте қауіп-қатер тобына жататын адамдарға қауіптірек деп айтамыз. Жүкті әйелдер, 1 жасқа дейінгі нәрестелер, 5 жасқа дейінгі сәбилер, бала емізіп жүрген аналар, жүрек-қантамыр жүйесінде, тыныс жолдарында ақаулары бар науқастарда өте ауыр өтуі мүмкін. Вирустың жеңіл өте бастағанына байланысты жалпы науқастардың арасында стационарға, реанимацияға түсетіндердің азаюы тенденциясы байқалып отыр. Бұрын аурушаңдық күрт өскенде реанимацияға түсушілер саны да күрт артатын. Қазір ондай тенденция жоқ. Бірақ бұл аурушаңдық азайып жатыр деген сөз емес. Жұқтыру қарқыны қатты. Жалпы ауырғандардың ішінде вакцина алып ауырып жатқандарың үлес салмағы аз. Кейбір өңірлерде 1 пайыз болса, кейбірінде 5 пайыз шамасында. Ауру жұқтырғандарды 100 пайыз деп алсақ, соның ішінде вакцина алғандары 5 пайыздан асып жатқан жоқ. Яғни, біздің алып жатқан вакцинамыз 95 пайыз жағдайда тиімділігін көрсетті деген сөз. Адамдар арасында қарым-қатынас тығыз болып, ішінде вакцина алмаған адамдар неғұрлым көп болса, вирус соғырлым көбірек мутацияға ұшырайды. Мысалы, «дельта» штамының қоршаған ортадағы циркуляциясы кенет тежелгенше кемінде 180 рет мутациядан өткен екен. Ал «омикрон» бүгінге дейін 60-тан аса мутацияның кезеңін өткеріп үлгерген. Соны ескергендіктен кейбір мемлекеттер екінші мәрте ревакцинация жасауға мәжбүр болып отыр. Себебі вакцина алғандардың арасында 1-5 пайыз көлемінде аурып қалу жағдайлары тіркеліп жатыр. Біздің ұжымдық иммунитет керек деп қайталап айтып жүргеніміз сол. Яғни, ұжымдық иммунитетіміз мығым болса, вирустың түрленіп, мутациялануына жол болмай, қоршаған ортадан түгел ығысып кетер еді.

- «Омикронмен» ауырғандарды емдеу кезінде ең жиі кездесіп жатқан өрескел деген қателіктер бар ма? Жалпы «омикронды» емдеудің дербес хаттамасы бар ма ?

- Дербес хаттамасы жоқ. Хаттамаға енетін жалғыз өзгешелік бар. Ол науқастарды оқшаулау тәртібіне қатысты. 14 күннен 7-10 күге қысқартылды. Емі коронавирустың басқа штамдарына ұқсас. Әрине, әр науқасқа препаратты индивидуалды түрде үйлестіру, сәйкестендіру жұмыстары инфекционистер тарапынан жүргізілуі керек. Бұл жерде емі деп симптоматикалық ем-домды айтып отырмыз. Коронавирусты түбірімен жазып жіберетін дәрі жоқ. Біздің «Вакцинадан басқа аурудың алдын алатын жол жоқ» деп жүргеніміз жүргеніміз осы.

Жалпы ағзасынан вирус белгілері байқалған қауіп-қатер тобындағы адамдардың жағдайын жақындары ұдайы бақылауда ұстауға тиіс. «Пульсокиметр» құралы болса, сатурациясын өлшеп, дене қысымын, қан қызуын уақ-уақ тексеріп отырған жөн. Дене қызуы көтерілген жағдайда дәрігердің кеңесінсіз ыстық түсіретін дәрі беруге болмайды. Себебі, дене қызуының көтерілуі ағзаның осы вирусқа қарсы көрсеткен адаптациялық көрінісі деп түсіну керек. Яғни, дене қызуының көтерілуі вирусты өлтіріп немесе ағзадан шығуына көмектесуі мүмкін.

- Вакциналар «Омикронның» алдында әлсіз деген алып-қашпа әңгіме бар? Маман ретінде оған қарсы қандай уәж келтіресіз ?

- Ең бірінші бұрын коронавируспен ауырмағандар, вакцина алмағандар ауырады. Одан кейін ауру арқылы иммунитет қалыптастырдым деген сенімде жүргендерге жұғады. Осылай «омикронның» таралуы жылдамдап жатыр. Ең соңында барып вакцинациядан толық өткендер ауруы мүмкін. Қоршаған ортадағы вирустың концентрациясы жоғары болса, вакцинаның екі компонентін алғандар да ауырып қалуы мүмкін. Бірақ оның үлесі салмағы 5 пайыздан аспайтынын бағана да айттым. Яғни, «омикрон» тарағалы вакцина алса да, ауырғандардың үлесі күрт артып жатыр деген сөз емес. Вакцинаның тиімділігі әлі де болса өте жоғары. Вирустың жаңа штамы пайда болған сайын, әр түрлі елдерде вакцинаның тиімділігі зерттеліп, сәтті делелденіп жатыр. Науқастарды кездейсоқтық принципі бойынша тексерген кезде вакциналар 80-95 пайыз тиімділігін дәлелдеп отыр. «Спутник» болсын, QazVaс болсын, тиімділігін дәлелдеді. Өзіміздің QazVaс инактивтендірілген вакцина болғандықтан, әлемде типтес баламалар бар. Соларға жүргізілген зерттеулерге қарап-ақ оның тиімділігіне көз жеткізуге болады. Мұны коронавирустың жаңа штамы пайда болған сайын, вакциналардың құрамын өзгерту керек деп түсінбеу керек. Жер шарында қолданылып жатқан вакциналардың бәрі вирустың негізгі «S» деген ақуызына арналған. Соны ағзаға түсірмеуге, түскен күннің өзінде әрі қарай көбейіп, таралмауына бағытталған. Сондықтан, қазіргі вакциналар «омикронның алдында дәрменсіз екен» деп байбалам салу негізсіз.

- Әлеуметтік желіде» таныс дәрігерлердің ешқайсысы вакцина алмаған. Бөлінген екпені ауаға егіп, қағаз жүзінде ғана вакциналанып жатыр» деген мазмұндағы пікірлер тарап жатыр. Бұл қаншалықты мүмкін? Дәрігерлер вакцинаның тиімділігіне, қауіпсіздігіне сенбесе, қарапайым халықтан қалай талап етеміз ?

- Өкінішке қарай, екпе бөлмелерінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әшкере болғаны есімізде. Соның бәрі пышақ кескендей тыйылды, қазір ешкім ондай қадамға бармайды деп ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайтын шығар. Мемлекет тарапынан ондай жасырын әрекеттердің алдын алуға қажет жағдайдың бәрі жасалды. Екпе бөлмелеріне бақылау камералары да орнатылған. Тіпті сол тосқауылдың бәрін айналып өтіп, жалған паспортпен жүріп, ауруханаға түскендер болса, жүйе оны бірден анықтайды. Өйткені вакцина алғандардың тізімі электронды тіркеуге алынады. Жаңағыдай жағдайларды нақты білетін адамдар болса, жалпылама айтып, ел арасында күдік туғызбай, құзырлы органдарға мекеменің атын, мамандардың деректерін ұсынып жүгінгені дұрыс деп ойлаймын. Ал нақты дәлелі болмаса, анық-қанығын тез арада анықтауға болады. Яғни жалған ақпарат таратылған болса, оған да шара қолданылады.


Up