Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

9 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

9 May 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 9 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

Жеңіс күні

Жеңіс күні Қазақстанда 9 мамырда мемлекеттік мереке әрі демалыс болып саналады. Батыс Еуропада Жеңіс күні 8 мамырда атап өтіледі. Себебі Капитуляция туралы актіге Орталық Еуропа уақыты бойынша 22:43-те қол қойылған, ал бұл кезде Мәскеу уақыты бойынша 9 мамыр сағат 0:43 болатын. Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектерінің 70 пайызы. Майданның алғы шебінде Қазақстанда құрылған 23 бірлестік, 50 шақты полк пен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты. Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Соғыстан 600 мыңнан астам қазақстандық оралмады.

Еуропа күні

Ресми деңгейде Еуропалық Одақ (ЕО) елдерінде атап өтіледі. Бұл күн интеграция үдерісіне еуропалық елдердің азаматтарын барынша тығыз тарту мақсатында құрылды, сондай-ақ ЕО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына және басқа әлемдегі адамдарға Еуроодақ сияқты ұйымдардың артықшылықтары туралы мәлімет беруге бағытталған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1840 жылы Аякөз өңіріне метеорит құлады. Түскен жеріне байланысты «Қарақол» аталған ол метеориттің сынығы алдымен Семейге, артынша Петербургке жеткізілді.

1992 жылы Петропавл қаласындағы Коммунистік көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді.

1999 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жаңа кешенін ашты.

2001 жылы Астана қаласында «Отан ана» Отан қорғаушылар монументі ашылды.

2010 жылы Венада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Австрия аумағында ұрысқа қатысқан және қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналып Батыс Еуропадағы алғашқы мемориал орнатылды. Ұлттық мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі Линц қаласының маңында Дунай алқабында орналасқан бұрынғы «Маутхаузен» концентрациялық лагерінің аумағында қазақ және неміс тілдерінде өтті.

2012 жылы Гонконгта Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнайы Әкімшілік ауданы (АӘА) арасында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.

2012 жылы қазақстандық альпинистер теңіз деңгейінен 3,6 мың метр биіктіктегі Іле Алатауы тауларында орналасқан Бірлік шыңына көтеріліп, сол жерде мемориалдық тақта орнатты.

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөздермен аяқталатын естелік тақтайша лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ерлігіне арналған.

2017 жылы Варшавада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польша астанасы үшін шайқаста қаза болған қазақ сарбазы Нұркен Шалабаевты еске алды. Жеңіс күні Варшаваны босату үшін өмірін қиған және Варшава әуежайының маңындағы әскери зиратта жерленген қарапайым қазақ жауынгері Нұркен Шалабаевтың қабіріне Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы, Қазақстандағы поляктар одағы және «Польша-Шығыс» достастық қоғамы атынан гүл шоқтары қойылды.

2017 жылы Алматыда жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының ерлігі жайлы «Бауыржан Момышұлы. Бір кітаптың тарихы» атты деректі повесть басылып шықты. Бұл еңбек 1993 жылы аз тиражбен шыққан Жүніс Ибраевтың «Майдан жыры мен сыры» кітабының орыс тіліне аударылған нұсқасы.

2018 жылы Қазақстанда «Ұмытылған батырлар» акциясы басталды, оның аясында түрлі себептермен тиісті марапаттарын ала алмаған қазақстандық батырлардың туыстарын табу жоспарланған. Соғыс жылдарында ерлік жасап, алайда түрлі себептермен тиісті наградасын ала алмаған қазақстандық батырларға құрмет көрсету идеясын белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы көтерген болатын.

2020 жылы Атырау қаласында Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысы батырлары – қала тұрғындарының 14 мүсіні орнатылды. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары, Халық қаһармандары және Даңқ орденінің толық кавалерлері бар. Батырлардың арнайы жасалған бюстері гранит тұғырларға орнатылған.

«Еске алу аллеясын» Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен қала әкімі Қайрат Оразбаев ашты.


Up