Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

30 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

30 July 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 30 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік адам саудасымен күрес күні

2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы бекітті. Негізгі міндет – адам саудасы құрбандарының басына түскен жағдай туралы ақпараттарды арттыру, олардың қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету.

Халықаралық достық күні

Күнтізбедегі ең жас мерекелердің бірі. Оны атап өту туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылдың 27 сәуірінде өткен 65-інші сессиясында қабылдады. Жаңа датаны бекітуге идеологиялық негіз - Мәдениет және бейбітшілік саласындағы іс-қимыл декларациясы мен бағдарламасы, сондай-ақ 2001-2010 жылдарды қамтыған бүкіл ғаламшардың мүддесі үшін бейбітшілік мәдениеті мен зорлық-зомбылықсыз халықаралық онжылдық болды.

БҰҰ мемлекеттік құрылымдарға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдарға бұл күнді әр елдің дәстүрі негізінде атап өтуді ұсынды. БҰҰ-ның қарарында әртүрлі халықтар арасындағы достықты нығайту аса ерекше атап өтілген.

Жүйе әкімшісі күні

Корпоративтік желілердің, дерекқорлардың, пошта жүйелерінің, бағдарламалық кешендердің әкімшілері жыл сайын шілде айының соңғы жұмасында өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Оның негізін қалаған – Чикагодан шыққан әкімші Тэд Кекатос. Әкімшілер күні алғаш рет 1999 жылғы 28 шілдеде аталып өткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің штатына мұрағатшы лауазымының енгізілуімен Павлодар облысында архив мекемелерінің тарихы бастау алды. Облыс архивтерінде облыстың түрлі мекемелеріне және жеке тұлғаларға қатысты 1 миллион 100 мыңға жуық құжат сақтаулы. Жеке тұлғаларға қатысты құжаттар 1823-2007 жылдар аралығын қамтиды.

1937 жылы Шығыс Қазақстанда «Рубцовск-Риддер» теміржол учаскесі бойынша қозғалыс ашылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Кабо-Верде Республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Шығыс Уругвай Республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

2012 жылы астаналық «Тұмар» ансамблі Италиядағы халықаралық конкурс-фестивальде бірінші орынды иеленді.

2016 жылы Қазақстан Малайзияда өтетін «жасыл технологиялар» халықаралық көрмесіне шақырылды. Онда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін кеңінен насихаттау және қатысушыларды тарту үшін Қазақстан тарапына қажетті көрме және жарнамалық қондырғылармен қамтамасыз етілген алаң тегін берілді.

2017 жылы Түркияның Самсун қаласында XIII Сурдлимпиада ойындары өтті. Оған әлемнің 97 елінен 3105 спортшы қатысты. Қазақстандық таеквондошы Аян Әбдіраш 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді. Финалда ол украиндық спортшыдан басым түсті.

2017 жылы «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында Astana Opera мемлекеттік опера және балет театрында «Опералия» дүниежүзілік опера өнері конкурсы өтті. Аталған байқауда үшінші жүлде мен 10 мың доллар көлемінде сыйақыны қазақстандық әнші Мария Мудряк иеленді.

2018 жылы Паттайада (Таиланд) тай боксынан FISU әлем чемпионатында қазақ спортшысы Еламан Саясатов 54 кг салмақ санатында алтын медаль алды. Бұдан тыс, Қазақстан құрамасы сол чемпионатта екі күміс, төрт қола медаль еншіледі.

2020 жылы режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» қысқаметражды фильмі Словакияның ай сайын өтетін Kosece International Monthly Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер-дебютант» сыйлығын иеленді. KIMFF фестивалінің мақсаты - дүниежүзіндегі талантты режиссерлерді қолдап, оларды насихаттау.


Keywords: Күнтізбе,
Up