Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

27 шілде. Туған күн иелері

27 July 2021 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 27 шілде күні тұлғалардан кім дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


ЕСІМДЕР




75 жыл бұрын (1946) – Совет Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, авиация генерал-майоры, әлемнің 256-ы, СССР-дың 72-і ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы ӘУБӘКІРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Совет Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Совет Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыш агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары –

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1996-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002-2003 жылдары – «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі директоры. 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен «Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.




73 жыл бұрын (1948) композитор, өнертану профессоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей педагогикалық институтын, Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген. 1982-1986 жылдары – Алматы консерваториясының оқытушысы. 1987-1988 жылдары – Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры. 1990-1992 жылдары – «Азия дауысы» халықаралық байқауының бас директоры. 1992-1996 жылдары – «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қауымдастығы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы. 1996-1998 жылдары – «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті. 1998-2004 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 2012-2014 жылдары – «Астана Опера» мемлекеттік театрының директоры болды. Композитордың хорға арналған күй мен симфониялық оркестрге арналған «Күй толғау», 2 ішекті аспаптар квартеті, «Махамбет» симфониялық поэмасы, «Алдар Көсе» операсы мен «Ғажайыптар елі» зонг-операсы, 2 симфониясы, аспаптық пьесалар, кинофильм («Полигон») мен спектакльдерге арналған музыкалары және көптеген әндері бар. Оның әндері Р.Бағланованың («Іңкәрім»), Р.Рымбаеваның («Заман-ай»), Н.Үсенбаеваның («Ақжелкен») және Г.Сиқымбаеваның («Мен деп ойла») репертуарларынан орын алған.




49 жыл бұрын (1972) – қазақ ғарышкері, ғарышқа ұшқан алғашқы ҚР азаматы, әлемнің 545-ші ғарышкері, Қазақстан Халық Қаһарманы, Қазақстан ӘӘК генерал-майоры, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – өндіріс жөніндегі басқарма мүшесі, Айдын Ақанұлы АЙЫМБЕТОВ дүниеге келді. Талдықорған облысында туған. Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін бітірді, ұшқыш-инженер (1993), Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында жалпығарыштық дайындықтан өткен (2003). Еңбек жолы: ҚР ӘӘК қызметі, жоюшы ұшқыш (1993-1995); «СУ-27» ұшақтарында авиациялық эскадрилья авиациялық буынының командирі (1995-2003), ҚР ҰҒА төрағасының кеңесшісі (2009-2016). «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ ғарыш жүйелерін құру мен пайдалану жөніндегі вице-президенті (2016-2019).

Қазіргі лауазымында – 2019 жылғы ақпанынан бастап.

«Отан», «Алтын жұлдыз» ордендерімен марапатталған.




46 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кеңесшісі, баспасөз хатшысы Айдос Ыдырысұлы ҮКІБАЙ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2015 жылы Назарбаев Университеті жоғары бизнес мектебін бітірген. 1998-2001 жылдары «Хабар» АҚ ақпараттық жобалар департаментінің басшысы, «Хабар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2011–2016 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқарған. 2016-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы. Қазіргі қызметінде – 2021 жылғы маусымнан бері.


Keywords: Күнтізбе,
Up